Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам

0
1 697


Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Еліміздің дамуы үшін маңыздылығы жоғары Жолдаудың негізгі бағыттары – ел экономикасын жандандыру және әлеуметтік проблемаларды шешу болды.


Атап өтсек, Жолдауда айтылғандай әйелдердің зейнетке шығу жасы 61-ге дейін төмендейді. Сондай-ақ, еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін өссе, ұлттық қор табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылатын болды. Тағы бір айта кетерлігі – кәсіп бастағысы келетін жастар үшін 2-2,5 пайыздық үстемемен несие берілетіндігі. Аталған өзгерістер жүйелі түрде іске асырылып, әлеуметтік ахуалдың дұрысталуына оң серпін бермек.


Одан бөлек, қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жарияланатын болды. Сонымен бірге, қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған отбасылық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтіледі.


Өз Жолдауында Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси және әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстанды құру екендігін атап өтіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Мемлекеттің тұтастығы мен ұлт құндылықтарын сақтап қалу үшін ел бірлігінің маңызды екендігіне тоқталып, өз ұстанымындағы тарихи жауапкершіліктің салмағын да айқын аңғартты.


Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізуді, Президент өкілеттігінің мерзімін 7 жыл етіп белгілеп, бірақ қайта сайлануға тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар, 2023 жылы мәжіліс пен маслихат сайлауы өтетін болды.


Ел Президентінің «халықтың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргім келеді» - деген сөзі азаматтық ұстанымы мен көшбасшылық қасиетін айқындай түскендей.


ERNUR.KZ.