Әйтенов әкім болғалы Шымкентте не өзгерді?

0
1 069

Мұрат Әйтеновтың Шымқалаға келгелі «атын шығарған» ең бір үлкен наразылық – Шымкент қаласындағы ипподром орны...


Әйтенов әкім болғалы Шымкентте не өзгерді?


2020 жылдың 21 қаңтарынан бастап Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Мұрат Әйтеновтің бұл қызметке келгеніне де бүгін 2 жыл толыпты. Сын мен мін, мақтау мен жетістігі аралас болған 730 күнді Мұрат Дүйсебекұлы қалай өткізді? ERNUR.KZ тілшісі шолу жасап шыққан болатын.


Алдымен әкім Әйтеновтің осы қызметке келгенінен бастап қалада не өзгергеніне тоқталайық.


Шымқала жайына келер болсақ, Әйтеновтың келгеніне екі толған бұл уақытта елеулі еңбектер атқарылғанын да жасырмаймыз. Ең алдымен мегаполистің бюджетіне қарар болсақ, көрсеткіш бойынша соңғы екі жылда екі есеге өсіпті. Яғни, 2019 жылы 244,4 млрд болса, өткен жылдың көрсеткіші 495,5 млрд теңгені құраған.


Білім саласы бойынша, Әйтенов келгелі жаңадан 32 мектеп пайдалануға берілсе, апатты мектеп саны қазір мүлде жоқ деуге болады.


Сынның найзасына келе салып іліккеннен бе, соңғы екі жылда Шымкенттің денсаулық сақтау ұйымдарының да техникалық базасы біршама реттелді деуге келеді. Техникалық база 78,4 пайызға жаңарып, жеке инвестициялар есебінен медициналық орталықтарға 5 компьютерлі томограф орнатылды. 2021 жылы 3 жекеменшік емхана және 1 оңалту орталығы, үш инсульт орталығы ашылды.

Спорт саласында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2021 жылы 10 мыңға жуық бала тегін спорттық секцияларымен қамтамасыз етілуін де әкімнің маңдай тері бар деуге болады. 2022 жылы 14 мыңға жуық баланы қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

2021 жылы қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында алғаш рет 8 спорт түрінен "Жастар лигасы" өткізіліп 7 мыңға жуық оқушылар мен студенттер қатысты. Нәтижесінде бұқаралық спортпен қамту деңгейі 32 пайызға жетті.

Ең маңызды салалардың бірі - инженерлік инфрақұрылымға келсек, Әйтенов әкім болған екі жылда қала аумағындағы 68,2 шақырым жылу жүйелері жөндеу, 15,4 шақырым қымтау, 0,36 шақырым күрделі жөндеу, 3 сорғы стансасы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

2021 жылы қаладағы тозығы жеткен 35,8 шақырым электр желілері және 98 дана трансформаторлар қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, ауыз сумен 59,6 мыңға жуық халық қамтылған. Ал кәріз жүйесімен 30 мыңға жуық халық қамтылған. Нәтижесінде, кәрі жүйесімен деңгейі 49,1%-дан 54%-ға жеткен.

Тұрғындарды сапалы электрмен қамту көрсеткіші 93%-дан 97%-ға жеткен.

Әйтеновтың тұсында халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша Шымкент қаласында 2021 жылы алғаш рет 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үймен қамтуға 107,7 млрд.теңге бағытталып,5 276 пәтерлі 81 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған.

Соңғы екі жылда құны 200 млрд.теңгені құрайтын 85 инвестициялық жоба іске асырылып, 4 500 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бизнесті қолдау мен дамыту шеңберінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3493 жобаға12,7 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді.

Көлік кептелістерін болдырмау мақсатында аса маңызды жобалар Қонаев даңғылы, А-2 автожолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би -Арғынбеков жол айрықтары құрылыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 56,5%-дан 63,6%-ға жеткен.

Қоғамдық көлікті жаңарту бойынша қалада жолаушылар көлігін дамытудың кешендік схемасы бекітіліп, 590 автобустар алынып, қоғамдық көліктер 90%жаңартылды. Жеке инвестициялар есебінен электрондық төлем жүйесі енгізілді.


Мұрат Әйтеновтың екі жыл ішіндегі атқарған мұнан да басқа жұмыстары БАҚ беттері мен желідегі ресми парақшаларында жарияланып жатыр. Ендігі жерде тұрғындардың әкімнен күткен бір қайыры бар, ол табиғи газ мәселесі. Өткен жылы бітуі тиіс болған құны 9,4 млрд.теңгеге қуаттылығы 250 мың метр куб «№3 АГРС» бекеті бір-екі айда сынақтан өтсе, көктеммен жарыса көптен күткен тұрғындардың үйіне газ кірмек. Қазір жоспар бойынша 5 магистралдық 5 елді мекен құрылысы аяқталып отыр.


Әйтенов дегенде еске не түседі?


Әйтеновтың Шымкентке қызметке келуі елге әлемді әбіржіткен індеттің кіруімен қатар келгені рас. Ә дегенде қобалжып қалды ма, әлде мегаполис тізгінін ұстауға тәжірибесі жеткіліксіз бе еді, әйтеуір 2020 жылдың бірінші жартысында қала дәріханаларында дәрі-дәрмектің жеткіліксіз болуын, қарапайым медициналық масканың өзі тым қымбаттап кетуін көпшілік әлеуметтік желіде жазып, жергілікті билікке ренішін білдіріп-ақ жатты. Медицина саласына, қаладағы емханалардың қабылдамай жатқаны жайында бейнежазбалар да сол уақытта жиі шықты жарыққа. Содан да болар, Президент Әйтеновке тәртіптік жаза бергені де есте қалыпты.

Мұрат Әйтеновтың Шымқалаға келгелі «атын шығарған» ең бір үлкен наразылық – Шымкент қаласындағы ипподром орнын алпауыт «BI Group» компаниясына тұрғынүй салуға беріп жібергендігі айналасында болды.

Бұл мәселе әлеуметтік желіде де, БАҚ беттерінде де қанша рет жарияланғанмен, Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметін атқарған Асқар Мамырбаев әлеуметтік желіде ашық хат жолдап, қоғам белсенділері акция жариялап, петиция ұйымдастырса да мәселе шешімін тапқан жоқ. Мегаполистегі ипподром аймағы реакрациялық аумақ екенін және оған көпқабатты үйлер салуға болмайтынын айтты сәулетшілер тобы. Тіпті, қоғам белсенділері мен қала жанашырлары қанша рет тікелей бетпе-бет диалогқа шақырғанымен Мұрат Әйтеновтің батылдығы жетпеді ме әлде, жүрегі дауаламады ма, бәлкім, қызметтен қолы босамаған болар, әйтеуір кездесуге шықпағанын да жазып жатты әлеуметтік желіде.

Содан кейін-ақ Мұрат Дүйсебекұлының халық үшін «ашық» емес, «жабық әкім» деп атап кетті көпшілік. Әкімнің ресми парақшасында жарияланған ақпараттардың астында да мұндай «наздар» жиі көрініс табады.

Тағы бір тұрғындардың көңілтолмаушылығы әрине, қаладағы электр қуатының мәселесі еді. Одан бұрынғы әкімдер де жыл сайын «биыл іске қосылады» деген «Бозарық» станциясы туралы жаттанды сөзді әкім Әйтенов те айтып қалды (бәлкім, айтқызды). 2020 жылдың аяғында ірі станцияны қосып, қала тұрғындарының қолын сапалы электр қуатына жеткіземін деген уәдесін Әйтенов жыл кешігіп барып орындады. Бірақ онымен қаладағы электр қуатының мәселесі әлі де толық шешіліп кете қойған жоқ, 2021 жылдың күзінде мегаполистегі бір шағынауданның тұрғындары, әйел азаматтар уәдесін орындамайтын шенеуніктерге наразылық танытып жолды жапқан болатын.

Жол жапты демекші, мегаполистік жаңа ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары шіліңгір шілдеде таза ауызсуға жарымай жанайқайын айтып тағы да шықты көшеге.

Бұдан өзге Қызылжар шағынауданындағы жүздеген бала спортпен айналысатын спорт алаңының орнына жеке емхана салу бойынша шыққан дау-дамай да мегаполис тұрғындарының есінде. Ал биылғы жылдың басындағы елдегі жағдайда да Әйтеновтың ел алдына шықпағаны туралы әлі де аз айтылып жатқан жоқ, тіпті сонан соң қала тұрғындары арасынан оның орнынан кетуін талап еткен петицияға қол жинау үстінде.

Хош делік, әкім болған соң оған сын да айтылады, мін де тағылады. Әңгіме оның қалай қабылдай білгендігінде және сол сыннан нәтиже шығара білгендігінде. Әу баста мемлекеттік тілге шорқақтау болып келген әкім бүгінде еркін көсілетін жағдайға жеткен. Елдегі қаңтар оқиғасынан соң ба әлде өзінің жұмыс жоспары ма, соңғы аптада әкім Әйтенов өте белсенді. Әр шағынауданның тұрғындарымен кездесіп, мәселелермен жеке танысып шығып жатыр. Бұл да болса Президенттің тікелей тапсырмасы әрі халыққа жақындығы деп жақсыға жорып, ұзағынан сүйіндірсін деп отырғандар жетерлік.

Ал елге берген уәдесін уақытында орындаса әкімге деген халықтың да құрметі арта түспегі белгілі. Айтқаны сөз жүзінде қалса, онда Әйтенов те мегаполис тұрғындарының ықыласынан айырылып қалуы бек мүмкін. Оны өзі де, айналасындағы атқамінерлерді де жақсы түсінсе керек.