Әйтенов: алаңшалар орнатуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескерілуі керек

0
324

Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген.


Әйтенов: алаңшалар орнатуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескерілуі керек

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов алаңшалар орнатуда жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескерілуі керектігін тиістілерге ескертті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде Нұрсәт шағынауданында 105, 106, 107, 108 көпқабатты үйлер ауласы абаттандырылып, көгалдандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге абаттандырылып жатқан аулаларды аралап, жұмыстардың барысын пысықтады.
Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл соңына дейін 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Алаңшалар Тұран, Нұртас, Таскен және Өтеміс тұрғын алаптары мен елдімекендерінде салынады. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жөндеу жүргізіліп, балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылатын болады.
Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерлерге ең алдымен балалар қауіпсіздігін ескеріп, тұрғындарды жайлылығы үшін құрылысты тиісті талаптарға сай жүргізуде тапсырды. Алаңшаларды орнатуда жергілікті тұрғындардың да ұсыныстарын ескере отырып, нысандарды өндірістік кестеге сай қолданысқа беруді ескертті.

Еске сала кетсек, биыл Астана күні қарсаңыңда Тұран және Еңбекші аудандарына да жаңадан баладар және спорт алаңшалары пайдалануға берілген болатын.

Ақпарат үшін айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы аудан әкімдіктерімен «Халық қатысатын бюджет» жобасы қолға алынған еді. Аудан әкімдігі тарапынан халық қатысатын бюджетті әзірлеудің Ережелері мен Сараптамалық кеңестердің құрамы бекітілген.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардан өтінімдер, ұсыныстар қабылданады. Жалпы жобаны жүзеге асырудың 3 кезеңі бар. Біріншіден, сайт арқылы тұрғындардан ұсыныстар жинақталады. Яғни, тұрғындар аудан әкімі аппараты құзыретіне кіретін салалалар бойынша талап-ұсыныстарын жіберуіне мүмкіндігі бар. Аумақты көгалдандыру, аяқжолдарды жайластыру, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, т.б., мәселелер бойынша ұсына алады. Жобаға ауданда тіркелген кез келген азамат қатыса алады,

Жобаның талаптарына сәйкес, екі апта ішінде жинақталған ұсыныстар аудан әкімдігі тарапынан құрылған Сараптамалық кеңеске ұсынылады. Сараптамалық кеңес жобалар тізбесін іріктеп, дауыс беру үшін сайтқа орналастырады. Дауыс беру нәтижелері бойынша көп дауыс жинаған жобалар 2021 жылы аудан әкімдігі арқылы жүзеге асырылатын болады.