"АЛДАМА ӨЙТІП!": Шымкенттік әкімнің есебінде ашуланған тұрғын шындықты жайып салды

0
1 651

Ал жиынға қатысқан шаһар басшысы бұған жақ ашпады.


Шымкентте аудан әкімдерінің халық алдында есеп беруі жалғасуда. Бүгін Еңбекші ауданының әкімі тұрғындарды жиып, есепті кездесуін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Баяндамалар дайындалып, арнайы слайдтар жасалынып, халық алдында өткен 2019 жылдың жұмысы қорытындыланды. Жыл бойы атқарған ілкімді істерін Ғалымжан Ильясов саралап айтып берген соң, аудан тұрғындары өздерін мазалаған мәселері бойынша сұрақтарын қоя бастады.

Еңбекші ауданына қарасты Шаңырақ м/а тұрғыны Оңғар Кенжеев өзге тұрғындар секілді мұнда өз шағымын арқалап келіпті. Оның айтуынша, мұнда келуге Шаңырақ мөлтек ауданындағы көшелердің сапасыз әрі тарлығы және қоғамдық көліктердің аздығы түрткі болған.

"Бір жыл бұрын салынған жол екі айдан соң ойылып қалды", деген тұрғынның сөзін аудан әкімі бөле берді.

Сонымен қатар, Оңғар Кенжеевтің сөзінше, №16 қоғамдық көлік аз уақыт жүріп, өз жүру бағытын тоқтатқан екен. Соның салдарынан, балалардың мектепке қоғамдық көлікпен баруы қиындап кткенін де ашына жеткізді ол.

Тұрғынның шағымына құзырлы басқарма басшысы өз жауабын берген болатын.

"Шаңырақ ш/а №1 автомобиль жолдарының құрылысы 2019 жылы аяқталған. Ал қалған 20 метрдей жерге уақытша шағал тас төсеп, тұрақты түрде ретке келтіріп жатырмыз. Ағымдағы жылы арнайы жоба бойынша ол жер толығымен аяқталады. Ал онда №148 автобус тұрақты түрде жүріп жатыр. Қазір 6 көлік жүруде. Қосымша тағы 2 автобус қосқалы жатырмыз", - деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Тұрханов.

Алайда, басқарма басшысының бұл жауабына қанағаттанбаған аудан тұрғыны, ашуға булығып, жалған сөйлемеуін талап етіп, шағын ауданға жүріп жатқан қоғамдық көліктердің біршамасының техникалық ақауына ддейін жайып салды.

Ал Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов есеп аяқталған соң ашынған тұрғынның қалуын өтініп, бұл мәселені ақылдасамыз деп көндіргендей болды. Алайда, Еңбекші ауданының қорытынды есебіне қатысып отрыған Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бұл жөнінде ешқандай пікір білдірмеді.

Аталған аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, мұнда коммуналық қызметтер толығымен шешіліп, негізгі көшелер асфальтталған. Және 600 орындық жаңа мектеп пайдалуға берілген екен.


Аудан әкімінің есебінше, 2019 жылы «Өңірлерді дамыту-2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында көпқабатты тұрғын үй тұрғындарының қатысуымен жиналыстар өткізіліп, нәтижесінде 35 көпқабатты тұрғын үйлердің 6-на күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 528 көпқабатты тұрғын үйлер орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, 2019 Еңбекші ауданының 92,5%-ы ауыз сумен қамтылып, 7,5 %-ы қалып отыр. Сол сияқты, табиғи газбен аудан тұрғындарының 84,9 %-ы қамтылыпты.

Өткен жылы бұл ауданда 363,1 км жол асфальтталса, шағал тас 218,3 км , топырақ 31,8 км жолға төселген екен. Білім саласына бойынша, Шаңырақ шағын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ал №63 мектепке спорт зал, асхана, шеберхана және Абдулабад тұрғын алабындағы №101 мектепке қосымша 300 орындық құрылыс жұмыстарына қаржы бөлініп, «Отан ЛТД» және «Отырабад Құрылыс» ЖШС-тері құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нысандарды 2020 жылы пайдалануға беру жоспарланған.