"Асқазанынан 3 кг тас табылған": Шымкент зообағында бегемоттың бірі өліп қалды

0
1 485

Бегемоттың жасы 17-де болған.


Шымкент зообағында көрермен көзайымына айналған бегомот өлді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бегомттың жасы 17-де болған. "Тұрсын" деп аталып кеткен жануар 2004 жылы 5 қыркүйекте Шымкенттегі хайуанаттар бағында дүниеге келген. Ал 11 жылдан кейін оның төлі Глория туылған.

(фотодағы: хайуанаттар бағындағы Глория есімді бегомот)

Тұрсын 2019 жылдың қазан айынан бастап ауыра бастаған. Ол төменгі қабыршақтардың өсуіне байланысты бір апта бойы тамақтанудан бас тартқан. Құтқарушылар гидравликалық қайшылардың көмегімен қабыршақтарды кесіп тастаған. Содан соң зообақтың ветеринар дәрігерлері емдеу шараларын жүргізген.

Хайуанаттар бағының қызметкерлерінің айтуынша, осы жылдың басында Тұрсын төменгі тістерінің өсуіне байланысты азықтанудан толығымен бас тартқан. Төменгі қабыршақтар қайтадан оған кедергі жасай бастаған соң, 5 қаңтар күні оның тістеріне қайта қысқарту процедурасы жүргізілген. Дегенмен, 8 қаңтар күні бегомоттың жағдайы күрт төмендеп кетіп, өлген.

Жануардың не себептен өлгендігін анықтау үшін ветдәрігерлер денесін ашып көрген. Нәтижесінде өкпе эхинакоккозы, бауыр циррозы, асцит, созылмалы жүрек ауруы, асқазан және тоқ ішек қатерлі ісігімен ауырғаны анықталды.

"5 қаңтар күні тістері кесілді. Одан кейін 8-не өлді. Содан соң өзіміздің ветеринарлық бөлімде бегомотқа толық сараптама жасалды. Нәтиже шыққаннан кейін өлгені туралы жарияладық", - деді биолог-экскурсовод Уалиханова Әсем Кенжеқызы.

Мамандардың айтуынша, сараптама нәтижесінде жануардың асқазанынан әртүрлі мөлшердегі шамамен 3 кг тас табылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкенттегі хайуанаттар бағында бір ғана сусиыр бар.

дереккөз: shymkentzoo