"Бәрінің іші өтіп жатыр": Шымкенттегі "Тассай" тұрғындары "Сасық көлдің" иісіне тұншығуда

0
2 749

Кәрізден шыққан лас су арнамен ағып, көл болып жиналыпты.


Шымкент қаласындағы "Сасық көлдің" иісіне әбден "тойған" қала тұрғындары "әкімге кіреміз" деп бекініп отыр. Редкцияға шағымын айтқан тұрғындардың жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтқан болатын.

Шымкент қаласы, Тассай тұрғын алабы, 190 орам тұрғындары кәрізден аққан жиынды суының иісінен тұншығып жатқандарын айтып, өз наразылықтарын білдірді. Аталған жердегі кәріз суының жиындысы «Сасық көл» деп аталып кеткеніне біраз болыпты. Ондағы сасық иістен тұншыққан тұрғындардың қазіргі таңда сыртқа шығып тыныстаудың өзі қиынға түскендігін айтып, жергілікті биліктен «Сасық көлдің» мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.

«Келіп үйме-үй кіріп тексерсін. Бәрінің іші өтіп жатыр, әсіресе емізулілердің. Екі-үш күн болды, қызымның қыдырып келгеніне, емізулі баланың іші өтіп жатыр. Дәрі апарып жатырмыз. Неден болады? Жаманшылық бар, арам нәрсе бар, сасық нәрсе бар», - дейді Нұржан Сейдахметов есімді тұрғын.

«Мынадай иістен демалу қиын. Далада отыра алмайсың. Келген туыстар отыра алмай, "мына қандай жер айтпайсыздар ма" деп жатады. Айта-айта болдық. Мына кісілердің қолында қағаз тұр, міне. Барлық нәрсе жазылып жатыр. Ешкім қимылдап жатқан жоқ. Басшылар неге отыр? Үндемей отыра береміз ба?», - дейді "Сасық көлдің" иісінен зәрезап болған Үрліхан апай.

«Кәріз жүйесінің насосы 2017 жылдың желтоқсан айында дайын болған. Сондан бері әлі қосылған жоқ. Келетін су насостың қуаты жетпейді деп әдейі қоспай отыр. Бұлар айтады, сағатына 100 куб су келіп жатыр арғы жақтан. Қазір көріп тұрсыз, сағатына 10 куб су да жоқ. Анау насостың қуаты жетеді, кәріз жүйесінің де қуаты жетеді», - дейді Сейітқасым Мүслимов.

190 орам тұрғындары осы мәселені көтеріп Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімдігіне арызданған да екен.

Аталған мәселе Қаратау ауданы әкімдігіне 2019 жылдың 18 маусымындағы №35/ЖҚТ-М-202 нөмірімен тіркеуге алып, арызданушы азаматқа өз жауабын берген.

«Қазіргі таңда, қалыптасқан сасық көлді қысымы төмен насос арқылы тартып жатыр. Алайда, жүргізілген кәріз құбыры мен соры станциясы келіп түскен сарқынды суларды тасымалдауға қуаттылығы жетпей отыр. Осыған байланысты, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасына жобалау-ізденіс жұмыстарын әзірлеуге жер учаскесін бөлуге хат жолданды. Алдағы уақытта, ағымадағы жылдың күзгі қала бюджетінің нақтылауында кәріз сулары жиналатын аумақты рекультивация жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу үшін қаржы көлеміне бюджеттік тапсырыс беріледі. Қаржы бөлінген жағдайда 2020 ж қаңтар-мамыр айлары –ЖСҚ әзірлеу, 2021 ж рекультивация жұмыстарын жүргізуге жоспарға қойылатынын хабарлаймыз. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес, егер қабылданған шешімге қанағаттанбаған жағдайда жоғарғы тұрған лауазымды тұлғаға немесе сот органдарына шағым жасауға құқыңыз бар екендігін ескертеміз» делінген әкімдіктен берілген жауап хатта.


"Осы нысанның құрылысы жүргізілгенге дейін 3 жылды күтіп сасық иіске тұншығып отыра алмаймыз" деп тұрғындар ол жауапқа қанағаттанбайтынын айтып ашынып отыр.


Аталған мәселеге байланысты Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына бас сұқтық. Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Абай Ашаев жоғарыда айтылған кәріз құбырының жекеменшік екенін айтып ақталды. Сонымен қатар, мәселе белгілі болса да әлі күнге шешімін де таппапты.

(фото А.Ашаевтың Facebook парақшасынан алынды)

«Қазір қосылған үйіміз, коммерциялық нысандарымыз көбейіп кетті. Соның салдарына сорғы станциясының құрылғысының есебі жетпей жатыр. Азаннан кешке дейін 24 сағат бойы жұмыс істеу керек болып жатыр. Сөйтіп құрылғылар күйіп кеткен. Оны біз қайтадан ауыстырдық. Қазіргі уақытта келіп жатқан судың көлемі біздің сорғы құрылғыларының жұмыс істеуіне күші жетпей отыр. Сол себепті өшіріп қойғанбыз. Қаратау әкімдігіне ұсыныс бергенбіз, осыны бір жинақтап, кәсіпкерлерді жинақтап инвестициялық келісімге келіп, мына қазіргі кәріз сорғы станциясы қасынан қосымша тағы бір сорғы қою керек құбырымен. Осы жөнінде ұсыныс бергенбіз аудан әкімдігіне. Әзірге, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ», - дейді энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Абай Ашаев.

Тассайдағы "Сасық көл" мәселесін шешуі тиіс мамандардың жауаптары да алуан түрлі болып тұрған сыңайлы. Жоғарыда келтірілген мәтіндегідей, Қаратау ауданы әкімдігінің хатына сенсек, биылғы жылдың күзгі қала бюджетінің нақтылауында кәріз сулары жиналатын аумақты рекультивация жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу үшін қаржы көлеміне бюджеттік тапсырыс беруді жоспарлап отыр. Ал энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Абай Ашаев мырзаның сөзінше, кәсіпкерлерді жинақтап инвестициялық келісімге келіп, кәріз сорғы станциясы қасынан қосымша станция орнату бойынша Қаратау әкімдігіне ұсыныс берген. Сонда да аталмыш мәселе өз шешімін таппағандығын айтуда.

Екі бірдей құзырлы орған шеше алмаған мәселенің түйінін енді кім келіп ажыратып берері түсініксіз. Тұрғындар ендігі үміт Шымкент қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Ерлан Айтахановта екендігін де ашық айтты. Сасық иістен тұншыққан тұрғындардың жағдайын жаңа әкім өз бақылауына алып, оң шешімін шығарып берсе игі деп отыр.


Тассай тұрғын алабындағы "Сасық көл" аталып кеткен кәріз суының жиналған жері


"Сасық көлдің" арнасы. Осы арна арқылы көлге барып жиналады.


Бұл - кәріз суын тартатын сорғы станциясы (көк жәшік). Байқасаңыздар, қоршау ішіне кірген кәріз суы толып қалған.

Қоршау сыртынан ағып жатқан кәріз суы.