Биыл Шымкентте 120 мың ағаш көшеті отырғызылады

0
572

Қазіргі уақытта көшеттерді отырғызу жерлерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.


Биыл Шымкентте 120 мың ағаш көшеті отырғызылады

Биыл Шымкент қаласында 120 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мәлімдеді.

Қалада өткен жылы 301 193 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның 40 497-сі көктем айларында отырғызылса, 160 696 ағаш көшеттері күзгі маусымда егілген.

Басқарма мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласының аумағында шамамен 3 805 000 түп ағаш бар. Оның ішінде 1 525 000 түп ағаш қала ішіндегі көшелердің бойында, шағын аудандар, саябақтар мен гүлзарларда өсіп тұр.
Ал, орман қоры және жасыл аймаққа белгіленген жерлерде 2 280 000 түп ағаш бар екен.
Мұнан бөлек «Жасыл қала» акциясы аясында қаланың жаңа шағын аудандарында көшелердің бойына 100 мың ағаш көшеттері егілген. Мамандардың айтуынша, қалада егілген көшеттердің арасында терек, емен, үйеңкі, жиде, жабайы алма мен өрік және қарағаш бар екен.
Айта кетейік, 2023 жылға қала аумағына 120 000 ағаш көшеттерін егу жоспарланған. Қазіргі уақытта көшеттерді отырғызу жерлерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.