Биыл Шымкентте 200 мыңға жуық тұрғын салалы интернетпен қамтылады

0
554

Қаладағы 100-ге жуық базалық станцияны 5G технологиясымен қамту қарастырылуда.


Биыл Шымкентте 200 мыңға жуық тұрғын салалы интернетпен қамтылады

«Smart city» тұжырымдамаларына сәйкес, Шымкенттегі 10 базалық станция 5G технологиясымен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдағы жоспар бойынша жыл соңына дейін қаладағы 100-ге жуық базалық станцияны 5G технологиясымен қамту қарастырылуда. Сондай-ақ биыл 20 елді мекен оптика желісімен қамтылып, 200 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, биыл Шымкент қаласындағы Саяжай тұрғындары сапалы интернет желісіне қосылды. Қалалық цифрландыру басқармасы тарапынан талшықты оптикалық желімен қамту мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде саяжайдың 11 орталық көшесіне талшықты оптика жүргізілді. Атап айтатын болсақ:

1. Мичурина;

2. Гагарина;

3. Комарова;

4. Серегина;

5. Клубничная;

6. Абрикосова;

7. Ореховая;

8. Химиков;

9. Фруктовая;

10. Яблоневая;

11. Сиреневая.

Одан бөлек, қала аумағындағы интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталып, оптика тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте Нұртас, Тассай, Таскен, Пахтакор шағын аудандарындағы 4 көшеге (400 үйге) кабель жүргізіліп, интернетке қосылды. Ал Ақжайық және Достық шағын ауданына талшықты оптика желісі толық (100%) жүргізілді. Сонымен қатар, жеке инвестор «Fishnet» ЖШС-мен келіссөздер жүргізу нәтижесінде инвестор есебінен 2021–2023 жылдары шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға қаржы қарастырылып отыр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптыларға бір апта ішінде елдімекендердегі байланыс пен интернет жылдамдығынына жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті. Талдау қорытындысына сәйкес қаланың ерекшелігін ескере отырып, кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру және инфляцияны төмендету жөніндегі кешенді шаралар қаралды. Отырыста халықты 100 Мбит/с деңгейіндегі интернет желісімен қамтуды көздейтін ұлттық жобаны іске асыру тетіктері пысықталды. Үкімет басшысы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыра отырып, ел аумағында байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейтуді тапсырды.