Биыл Шымкентте 500 азаматқа тұрғын үй сертификаты беріледі

0
448

Әрбір үміткерге 1 миллион теңгеден аспайды. Аталған сома қайтарымсыз негізде.


Биыл Шымкентте 500 азаматқа тұрғын үй сертификаты беріледі

Азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету еліміздегі басым бағыттардың бірі. Баспана мәселесі еліміздің барлық өңірінде бар. Жалпы тұрғын үй мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте елімізде халықты тұрғын үймен қамту мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Солардың ішінде табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер баспана сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Сертификат ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі.


Қалалық тұрғын үй басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап берілген. Осы жылы 21 азаматқа 20,4 миллион теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілген. Ал, 2021 жылы 416 отбасыға берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты беріледі.

Айта кетейік, тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайды. Әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде беріледі.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде«2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.


Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына жататындар:

- мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- көпбалалы отбасылар;

- толық емес отбасылар.

- Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер.

Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022 жылға - 36 018теңге) соңғы 6 ай ішінде орташа табысы (111 656 теңге) аспауы тиіс. (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда).


Қажетті құжаттар тізімі:

1) нысан бойынша өтініш;

2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

3) соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама;

4) жұмыс орнынан анықтама (халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының санаттарын қоспағанда);

5) қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты.

Тұрғын үй сертификатына өтініш кezekte.kz. интернет ресурсы арқылы қабылданады. Әрбір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.


Айта кетейік, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, биыл 500 миллион теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарлануда.

ERNUR.KZ