Биыл Шымкентте шағын және орта бизнес бағытына 250 млрд теңге инвестиция тартылады

0
325

Жыл соңына дейін қала экономикасына 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.


Биыл Шымкентте шағын және орта бизнес бағытына 250 млрд теңге инвестиция тартылады

Биыл алғашқы төрт айдың өзінде Шымкентке 134 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент экономикасына 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары болмақ.
Егер биыл шаһар экономикасына тартылуы жоспарланып отырған инвестицияларды салалар бойынша талдасақ, негізгі үлес шағын және орта кәсіпкерліктің еншісінде екенін байқаймыз. 2023 жылы шағын және орта бизнес бағытына – 250 миллиард, индустриалды жобаларға – 56 миллиард, коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысына – 200 миллиард, туризм, көлік және сауда салаларына – 29 миллиард және ауыл шаруашылығына 15 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Осы орайда биыл жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларға тоқталайық. Мәселен, ірі жобалардың бірі ретінде «Shymkent Temir» ЖШС-інің болат блум өндірісін кеңейту жобасын айтуға болады. Компания бұл жобаға 5 миллиард теңге инвестиция бағыттап отыр. Сол арқылы қолданыстағы өндіріс кеңейтіліп, зауыттың қуаттылығы арта түседі. Нақтырақ айтар болсақ, жылына қосымша 250 мың тонна болат блум өнімдері жасалады деп жоспарланған. Бұл кәсіпорында 50-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Шымкент – барлық институционалдық, климаттық және географиялық жағдайларға ие және елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің барынша қамтамасыз етілген шаһар. Осы ретте «Инвестиция салуға ең қолайлы қала» жүлдесі Шымкентке жайдан-жай беріле салған жоқ. Қаламызда экономиканың басым секторларына инвестициялар тарту үшін бар мүмкіндіктер қарастырылып, жағдай жасалып отыр. Соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығындарын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тарифтік саясаттың сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Қазіргі таңда қалада жалпы ауданы 886 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді.