Биыл шымкенттіктер 100% сапалы жарықпен қамтылады

0
690

Нәтижесінде абоненттер жарыққа екі есе арзан төлем жасайды.


Биыл шымкенттіктер 100% сапалы жарықпен қамтылады

Биыл қала аумағындағы барлық елдімекенге сапалы электр энергиясы жеткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Атап айтатын болсақ, жыл соңына дейін 8 шағынауданда құрылыс жұмыстары аяқталып, қаланы үздіксіз электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде абоненттер жарыққа екі есе арзан төлем жасайды. Тұрғын үйлерді электр желісіне қосу жұмыстары тегін жүргізіледі.

Мемлекеттен тартылған электр энергиясының тариф бағасы жеке тұлғаларға әр Кв үшін – 17 теңге, заңды тұлғаларға - 35 теңге, бюджеттік ұйымдарға - 39 теңге болып белгіленген.
Қазіргі таңда Нұрсат, Қайнарбұлақ, Түркістан, Тұран, Ақжар, Ынтымақ (ПС 110 кв) Бозарық, Асар елдімекендерінде электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, наурыз айында Бозарық, Асар шағынаудандарында 600 тұрғын үйге жарық берілді.

Сонымен қатар, биыл Шымкент қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешіледі. Ол үшін биыл қаладағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін ақталады. Нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда ауыз су құбыры тартылып жатқан елді мекендердің бірі – Қайнарбұлақ. Бұл жерде бүгінде ауыз су кесте бойынша сағаттап берілде. Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биылғы жылға 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Биылғы жылдың төртінші тоқсанына қарай жұмысты толық аяқтау жоспарланған.