"Бұрын әйелдер еді, қазір еркектер...": Шымкенттік әкім есебінде тұрғын елді мазалаған жезөкшелер мәселесін қозғады

0
1 264

Өткір пікір айтып, қоғамдағы өзекті мәселені қозғаған аудан тұрғынына Ғ.Мәуленқұлов өткен жылда атқарылған шаруа мен ендігі жерде көрілетін шара туралы айтып, түсіндірді.


Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халық алдында есеп беріп, өткен жылды қорытындылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудан әкімі жыл бойында атқарылып жатқан жұмыстарын халыққа таныстырған соң, аудан тұрғындары өз сұрақтарын қойды.

«Айбергенов көшесінде бұрын тек әйелдер тұрса, қазір онда еркектер де жүр»,- деп аудан тұрығындарының бірі аумақтағы жезөкшелер мәселесін көтерді.

«Есеп беретін кезде біздің ауламызда 20 полиция қызметкері жүреді. Есеп біткеннен соң, солардың біреуін де таппайсың. Звондасаң, қылмыс болып жатқан орындамын дейді. Келесі мәселе – Айберген көшесі бойындағы жезөкшелер. Ол жақта бұрын әйелдер тұратын еді, қазір еркектер де тұрады.Мен ойлаймын, Полиция қызметкерлері мен жезөкшелер бірге емес пе осы?» - деп салды аудан тұрғыны.


Өткір пікір айтып, қоғамдағы өзекті мәселені қозғаған аудан тұрғынына Ғ.Мәуленқұлов өткен жылда атқарылған шаруа мен ендігі жерде көрілетін шара туралы айтып, түсіндірді.

«Былтыр жезөкшелерге қарсы біршама жұмыстар атқарғанбыз. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 4 аудан бойынша 15 полицейден бөліп жұмыс істедік. 1 күнде 35-ке дейін хаттама толтырдық. Бірінші күні - өзім, екінші күні – прокурор немесе менің орынбасарым кезекшілік ұйымдастырып, күнделікті қадағалауда ұстадық. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, жергілікті полиция бізден бөлек шыққан. Мен үнемі айтамын, учаскелік полицейдің міндетіне тұрғындардың қауіпсіздігі кіреді. Өкініше орай, бізде учаскелік полицейлердің жетіспеушілігі бар. Бірақ ол нәрсе жұмысты ары қарай жүргізуге кесірін тигізбейді. Қазір мұнда Қарабаев мырза (Әл-Фараби аудандық Полиция бөлімінің басшысы) отыр, бұл мәселені өз назарына алды деп ойлаймын», - деді аудан әкімі.


Әл-Фараби ауданы тұрғындарының көпшілігі Ғ.Мәуленқұловтың атқарған жұмысына көңілдері толатындықтарын жеткізді. Аудан әкімінің есебінше, тұрғындар игілігі үшін атқарылған шаруа да аз емес.

Білім беру саласы бойынша аудан аумағында 26 мектеп бар болса, оның 4-еуі соңғы 10 жылда соғылған, ал 13-і толық күрделі жөндеуден өтіпті. Ал 6 білім ордасы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған көрінеді.

Тұрғындардың өтініші бойынша шалғайда орналасқан «Сәуле» шағынауданы және 195 орамының оқушыларына қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, екі автобус бөлінген. Қазір екі мектепке де балаларды тасымалдауда.

Аудан бойынша 2019 жылы 10415 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріп, оның 9195 отбасы мұқтаж деп танылса, яғни 1220 отбасы «мұқтаж емес» деп есепке алынған. Жалпы осы азаматтарға 3 млрд. 160 млн. теңге төленді. Ал 2018 жылы 3233 отбасы мұқтаж деп танылған. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 2,5 есеге көбейген екен.

Өткен жылы АӘК алған 2249 отбасы жанұялық кәсібін ашып, дамытқан. Оның ішінде 760 отбасы тігін цехтарын, 550 отбасы кондитерлік өнімдер шығарса, 743 отбасы мал шаруашылығымен, 128 отбасы сұлулық салондарын, 45 отбасы ағаш өңдейтін цех, 23 отбасы егін шаруашылығымен айналысып жүр.