​«Даму» Қоры: Шымкентте мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді

0
766

Кепілдік құралы бойынша 9,6 млрд теңге несие сомасына 849 жобаға қолдау көрсетілген.


​«Даму» Қоры: Шымкентте мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді

«Даму» Қорының аймақтық филиалында «Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз туры өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шара барысында аймақтық және республикалық БАҚ өкілдері шаһардағы мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапқан бірнеше кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, «ALASH FOOD INVEST» ЖШС, «AI SCHOOL» ЖШС және «Remedy» медициналық орталығына барды.

«Жалпы «Даму» қоры кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалардың бірі болып саналады. Бұл бағдарлама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасы. «Даму» қоры кәсіпкерлерге субсидиялау және несие кепілдігін беру арқылы қолдау көрсетіледі. Қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлер несие бойынша кепілдік бере алады, яғни кәсіпкер несие алу үшін банкке жүгінгенде және оның кепілі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» Қоры өз кепілдігін бере алады. Ол несие сомасының 50 немесе 85 пайызға дейін кепілдің орнын қамтамасыз етеді», - деді «Даму» Қорының Шымкент қалалық филиалының директорының орынбасары Бағила Худайбергенова.

Жауапты мамандардың дерегінше, «Даму» Қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кәсіпкерлердің несиелеріне ішінара кепілдік беру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беріледі. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау – бұл банк белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен несие беріп, шығындардың бір бөлігін «Даму» қоры арқылы мемлекет өтейді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 9 айында Шымкент қаласындағы облыстық филиалы субсидиялау бойынша 30,3 миллиард теңгеге шамамен 954 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, кепілдік құралы бойынша 9,6 млрд теңге несие сомасына 849 жобаға қолдау көрсетілді. Кепілдік сомасы 5,4 млрд теңгені құрады.