Е.Айтаханов Түркістан облысынан қосылған елдімекендердің мәселесі қалай шешілетінін айтты

0
898

Шымкент әкімі Еңбекші ауданына қосылған 16 елдімекеннің тұрғындарымен кездесті.


Е.Айтаханов Түркістан облысынан қосылған елдімекендердің мәселесі қалай шешілетінін айтты

Шымкент әкімі Е.Айтаханов Мемлекет басшысының шеткі аймақтарды дамыту туралы берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Базарқақпа», «Қарабастау" тұрғын алабы мен «Көксай-2», «Көксай-3» шағынаудандарын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жұмыс сапары барысында қала басшысына Түркістан облысының Сайрам және Төлеби аудандарынан Еңбекші ауданына қосылған 16 елдімекеннің инфрақұрылым мәселесі бойынша аудан әкімі Ғ.Ильясов баяндады.

Содан кейін, Е.Айтаханов ауыл билерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, қордаланған мәселелердің түйінін тарқатты. Атап айтқанда, аудандағы істен шыққан кәріз жүйесі, «Сайрам су» өзенінен өтетін ескі көпірге күрделі жөндеу жүргізу, «Бадам» өзенінің үстімен өтетін жаңа көпірдің құрылысы, жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыру мен әлеуметтік нысандардың қажеттілігі сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы электр қуаты мен ауызсу және газ мәселесі де мазалайды екен.

Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов бұл мәселелердің рет-ретімен шешілетінін айтты.

«Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын мен қатынас үшін көше жолдары жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының сьезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз», - деді Е.Айтаханов.

Сонымен қатар, қала басшысы аудан әкімі мен сала басшыларына елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырды.