«Екі азаматымыз опат болды, екі сәби уланып көз жұмды»: Шымкент әкімі кінәлі мамандардың жазаланатынын айтты

0
1 299

Аталған мәселелер құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде көтеріледі.


«Екі азаматымыз опат болды, екі сәби уланып көз жұмды»: Шымкент әкімі кінәлі  мамандардың жазаланатынын айтты

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бүгін өткен қалалық әкімдіктің аппараттық жиналысында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, бұл жиынның негізгі мәселесі Шымкенттегі заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары болды. Тиісінше, мәжілісте баяндама оқыған қалалық сәулет және қала құрылысы мен қала құрылысын бақылау басқармаларының басшыларының жұмыстарына шаһар басшысы көңілі толмайтынын жеткізді.

«Алдымен, құрылысты бастау, одан кейін - тиісті құжатты рәсімдеу. Бұл біздегі үрдіске айналып кеткен кемшілік. Салдарынан халық зардап шегеді. Тұрғындардың менің жеке иелігімдегі жерде не қаласам соны саламын деуіне әсте жол берілмейді. Құрылыс нормалары қатаң сақталуы тиіс. Жауапты мамандар салғырттық танытпау керек. Міне, күні кеше ғана осындай салғыттықтың кесірінен құрылыс нысанында жұмыс істеп жатқан екі азаматымыз опат болды. Бүгінде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, бір апта бұрын екі сәби уланып көз жұмды. Бұл дегеніміз нағыз – сорақылық! Халыққа түсіндірме жұмыстары мүлдем жүргізілмейді десек болады. Шағын дүкендердегі тауарлардың сапасы қаншалықты жарамды?», - деген қала әкімінің сауалына санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өкілі мардымды жауап бере алмады.

Ал, Е.Айтаханов аталған мәселелерге кінәлі мамандарға қандай шаралар қолданылатын айтты.

«Көріп отырғандарыңыздай, жағдай көңіл көншітпейді. Аталған мәселелер бойынша құқық қорғау органдары тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, бірлесіп жүйелі жұмыс істеуіміз қажет. Кінәлі мамандар міндетті түрде жазаланатын болады», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар, қала әкімі құрылыс нысаны жоспарға, салада қолданылатын заңнамаларға, ереже-қалыптарға сәйкес салынуы керегін тілге тиек етіп, жұмысты жандандыру үшін тиісті мамандарға нақты тапсырмаларды жүктеді. Одан бөлек, жоғарыда аталған мәселелер құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде көтерілетінін жеткізді.

Айта кетейік, 2019 жылғы 10 айда сәулет және қала құрылысы басқармасына 917 арыз-шағым келіп түскен. Аталмыш арыздардың негізінде қала құрылысын бақылау басқармасымен 422 хаттама толтырылған. Өз бетімен құрылыс жүргізгендері үшін 29 құрылыс нысанына қатысты шаралар қабылданып, сотқа қарау үшін арыздар жолданған.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі