Ерлан Тұрғымбаев: "Шымкент заңсыз дәрі-дәрмек сату бойынша көш бастап тұр"

0
872

Рейд кезінде 54 мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленіп, 185 адам полицияға жеткізілген.


Ерлан Тұрғымбаев:

(Фото: иллюстрациялық)

Заңсыз дәрі-дәрмек сату бойынша Шымкент көш бастап тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, рейд кезінде 54 мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленіп, 185 адам полицияға жеткізілген.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық жерде дәрі-дәрмектерді қымбаттатылған бағамен сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Өкінішке қарай, заң бұзушылардың арасында фармацевттер мен дәріхана қызметкерлері, сондай-ақ, дәрі-дәрмек тапшылығын пайдаланған медициналық ұйымдар сияқты фактілер тіркеліп жатыр. Олар дәріні халыққа жасырын түрде екі-үш есе қымбатқа сатқан. Ол үшін ортада делдалдар жұмыс істеген, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланған", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, заңсыз айналымдағы дәрі-дәрмектің көп бөлігі Шымкент қаласында анықталған - 15,5 мың. Ал өзге қалаларда мынандай: Алматыда - 11,5, Нұр-Сұлтанда - 4 400, Атырау облысында - 7 700-ден астам дәрі-дәрмек тәркіленген.

"Анықталған заң бұзушылық туралы барлық материалды біз қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экономикалық тергеу қызметіне және Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті органдарына жібереміз. Тексеру кезінде алынған дәрі-дәрмектер әрі қарай науқастарды емдеуде қолдану мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға беріледі. Барлығы 6 күн бойына жүргізілген рейдтік іс-шаралардың барысында 206 осындай фактінің жолы кесілді. Полицияға 185 адам жеткізілді, оның ішінде 63-і медицина қызметкері. 54 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен препараттар, жарты миллионға жуық медициналық маска, 30 мыңнан астам әртүрлі жеке қорғаныс құралы және басқа да медициналық құралдар мен дезинфекциялық заттар тәркіленді", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.