"Еуропа-Азия" халықаралық бейбітшілік пен келісім шеруі» Шымкентке жетті

0
660

Дәстүрлі шеру биыл 16-шы рет өтуде.


"Еуропа-Азия" халықаралық бейбітшілік пен келісім шеруі» Шымкент қаласына жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздің "Бейбітшілік және келісім" қайырымдылық қоры ұйымдастырған дәстүрлі шеру биыл 16-шы рет өтуде.

Аталған шараның басты мақсаты - этносаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты насихаттау. Дінге, ұлтқа бөлінбей, халықты бірлік пен ынтымаққа, келісімге шақыруды басты мақсат етеді.

Достық пен татулықты, бейбітшілік пен келісімді дәріптеген іс-шара Ордабасы алаңынан басталып, Абай саябағында жалғасты. Топ жетекшісі Руслан Абдуллин Шымкент қаласы зор қошеметпен қарсы алғанын атап өтіп, шаhардың одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестігін жеткізді. Іс-шара Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.
Халықаралық бейбітшілік пен келісім шеруі 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласынан басталды. Бүгінгі дейін Қарағанды, Алматы, Бішкек, Тараз қаласында болды. Топ мүшелері ұлтына, дініне қарамай, адамдарды бірлік, ынтымаққа шақыруды мақсат еткен. Шеру Шымкенттен әрі қарай Түркістан қаласына аттанады. Келешекте Еуропа қалаларын аралау жоспары бар.

Үш елдің, яғни Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің 16 қаласын аралауға ниетті жандар көне шаһардың көрікті жерлерін аралап, өлкеміздің тарихымен танысты.

Айта кетейік, халықаралық шерудің бірінші кезеңі 4 тамызға дейін жалғасады. Ал екінші кезеңі Еуропа, Азия елдерінің 18 мемлекетін қамтитын болады. Бағыт 17 елдің аумағын қамтиды деп жоспарланып отыр. Онда әр елдің ту шеруі жоспарланған және дінаралық диалогтың жаңа тұжырымдамасы ұсынылады. Қазақстаннан 30 адам шеруге қатысады деп жоспарланған. «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі шілденің соңында Владикавказда аяқталады. Бұл шеруге қатысушылар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Башқұртстан Республикаларының азаматтарынан құралған.