«Jas Team Kart»: Шымкентте жастар арасында спорттық жарыс өтті

0
660

«Sport Villa» ойын-сауық кешенінде өткен турнирге жоғары оқу орындарынан 35 қатысушы жиналды.


«Jas Team Kart»: Шымкентте жастар арасында спорттық жарыс өтті

Шымкент қаласында алғаш рет Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Sport Villa» ойын-сауық кешені және «Rafe» ресторан басшысының қолдауымен «Jas Team Kart» жобасы аясында картинг спорттық жарысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Sport Villa» ойын-сауық кешенінде өткен турнирге жоғары оқу орындарынан 35 қатысушы жиналды.

Бүгінгі өткен картинг спорттық жарысына 7 команда өзара сайысқа түсті. Ойынның шарты бойынша қатысушылар 3 айналымды еңсеріп, 5 минутта мәреге жету керек.

— Бүгінгі картинг спорттық жарысына ОҚМПУ студенттерінің арасынан команда жасақтап келген болатынбыз. Осындай керемет жарысқа бірінші рет қатысып, сайысқа түстік. Ойын барысында жаңа орта тауып, спорт саласына өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Тартысты ойынға қатысуымызға мүмкіндік берген жастар ресурстық орталығына студенттердің атынан алғыс айтамын, – деді ОҚМПУ студенті Бақберген Мұратұлы.

Жарыс жолында тартысты ойын көрсеткен шеберлер орталық басшысы М.Исаховтың арнайы диплом және кубоктарымен, қалған қатысушыларға қатысқаны үшін арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Бүгінгі жарыста Онтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері бірінші болып мәреге жетті.

Екінші орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастары иеленсе, үшінші орынға Ж.Тәшенов атындағы университеттің студенттері жайғасты.

Айта кетейік, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында Орталық Азия Инновациялық Университеті студенттерімен кездесу өтті.

Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция подполковнигі Сембаев Нұрлан, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог психиатр дәрігері Қарлығаш Қорғанбаева, ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Серғали-Түркістан РҚБ, жоба үйлестірушісі Әбуталиев Ержан, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрбаев Ерлан, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы ҚР 2 дүркін чемпионы Бексұлтан Альжанов қатысты.