"Қала күні": Шымкентте оқушылар арасында «Би Батл» фестивалі өтті

0
789

Сайыс соңында жеңіске жеткен топтар бағалы сыйлықтармен марапатталады.


Шымкентте қала күніне орай, мектеп оқушылары арасында «Би Батл» фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Іс-шараның мақсаты - жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың спорттық мәдениеті мен хореографияға қызығушылықтарын арттыру, жастардың интеллектуалдық және ұлттық көзқарастарын дамыту. Аталған шараға «Аймақтық Брейк данс Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері, оқушылар мен колледж студенттері қатысты.

Фестивальде сөз алған қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тажиева сайысқа түскен өнерлі балаларға жеңіс тілеп, жиналған көпшілікті келе жатқан қала күнімен құттықтады.

Аталған іс-шараға «Брейкинг Батл», «Хип-хоп» жанрлары бойынша үйірмелерде сабақ алатын 6 топ қатысып, қазіргі би өнерінің үлгілерін және оның негізгі ережелерін орындағандары бойынша бақтарын сынасты.

Жарысқа би өнерінің майталмандары қазылық етті.

«Би Батл» байқауының талаптары бойынша қатысушылар 2 бағытта жарысты.
«Брейкинг Батл»:
- музыкалық әуен бойынша билеу;
- жеке техникасы мен комбинациясының орындалуы;
- төменгі бидің айналу элементтері, трикс, футборк элементтері;
- төменгі бидің күш фриздарын орындауы;
- түпнұсқалық орындалуы.
«Хип-хоп»:
- бастауыш батл;
- жалғастырушы батл;
- кәсіпқой батл.
Байқау қорытындысына сәйкес, «Брейк данс» шоу бағдарламасы бойынша «Step Ap» тобы I орын, «Djangl» тобы II орынға ие болды. Ал, "хип хоп" бағыты бойынша "РИА" тобы бірінші орынды иеленсе, «Step Ap» тобы екінші орынға тұрақтады. Аталған бағыт бойынша «Заңғар» би тобы III орынды қанжығаларына байлады.

Сайыс соңында жеңіске жеткен топтар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, аталмыш сайыс қаламыздың көрікті, мәдени орындарының бірі "Қызғалдақ" субұрқағы маңында өтті.