«Кесене құлаған соң қимылдаймыз ба?»: Шымкенттегі тарихи нысандардың жағдайы мүшкіл (видео)

0
153

Ары-бері жүргіншілер қоқыстарын тастап кетсе, көше тазалаушылар "бізге қарамайды" деп назар аудармайтын көрінеді.


«Кесене құлаған соң қимылдаймыз ба?»: Шымкенттегі тарихи нысандардың жағдайы мүшкіл (видео)

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ибраһим ата және Қарашаш ананың мазарына қаланған қос кесене мемлекет қарауында болса да, тарихи ескерткіштердің аумағындағы бірқатар мәселелер біраз уақыттан бері шешімін таппай келеді. Осыған орай, түркі әлемінің орталығы болып есептелетін Түркістанда кесенесі салынған атақты сопы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі мен анасының құрметіне қойылған тарихи жәдігерлердің бүгінгі жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып танысып қайтты.


Еске сала кетсек, бұл мәселені 2019 жылдың алғашқы айларындағы Қаратау ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беру жинынында Сайрам тұрғын алабындағы Мәртөбе және Қызылсу ауылдарының төбе биі Кенжебеков Оразалы сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа айтқан еді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Қарашаш ана кесенесінің аумағын абаттандыруға және ол жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлерді тартуға ықпал жасауын сұраған. Тиісінше, Ғ.Әбдірахымов та айтылған ұсыныстарды қолдайтынын, кәсіпкерлерге тапсырма бергенін және кесене аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аллея салынатынын жеткізген еді. Бірақ бұрынғы әкімнің айтқанын ешкім құлағына ілмесе керек, кесенелердің жағдайы әлі де сол таз қалпында.


2000 жылдық тарихы бар көне қаладағы аталған кесенелердің қазіргі жағдайы мәз емес, тіпті тиісті мекемелер осы күнге дейін ешқандай жұмыс істемеген секілді. Ол туралы «Қарашаш ана» кесенесінің шырақшысы Қадыров Әуесхан айтып берді. Шырақшының айтуынша, қалалық, аудандық әкімдік қызметкерлері мен мен жауапты басқармалар 4-5 жыл бойы құрғақ уәде беріп жүрген көрінеді.

«Мынау ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған жәдігерлерді келешек ұрпаққа бұзбай жеткізу үшін дұрыстап қарауымыз керек. Бірақ, Қарашаш ана кесенесі жолдың жиегінде орналасқандықтан, жүк көліктері көп өтіп, бір бұрышы шөгіп бара жатыр. Қазір 25 см төмен түсіп кеткен. Менің бір таң қалатыным – мәселелерді қаншама телеканалдар түсіріп кеткенімен, ешқандай шара қолданбады. Сонда, кесенені құлатып алғаннан кейін қимылдауымыз керек пе? Әкімдіктен адамдар келеді де, жалған уәделер беріп кетеді. Мұның бәрін неге уақытында түземеске!?», - деді тарихи жәдігердің ертеңіне алаңдайтынын жеткізген шырақшы.

Оған қоса, кесене аумағында дұрыс жағдай жасалмағанын айтқан шырақшы бұл жерге дені дұрыс әжетхана мен төбесі жабық орындықтар керек екенін айтты. Себебі, бір уақытта көп адам келсе, кесененің ішіне сыймай қалады екен. Ал, жылдың суық мезгілінде мына орындықтарға отыру келушілер үшін ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.

Сонымен қатар, киелі орынның тағы бір мәселесі – қоқыс қалдықтары. Бір жағынан көше тазалаушылар «бұл жерге біз қарамаймыз» деп жинамай кетсе, екінші жағынан белгісіз біреулер кесене қоршауының іргесіне өз қоқыстарын тастап кете беретінін де ашына айтты шырақшы.

«Бұл мәселелер бойынша да шара қолданып жатқан адам жоқ. Осы маңда жүретін тәртіп сақшысы да қимылдайын демейді. Менің уайымым осылар», - деді Қадыров Әуесхан.

Шынында да, VIII ғасырда іргесі қаланып, XIX ғасырда қайта жаңғырған бұл ғимаратқа қайта жөндеу, абаттандыру жұмыстарын міндетті түрде жүргізіп, шөгіп кетпеуіне қарсы шараларды көп ұзатпай қолдану қажет.


Сондай-ақ, тарихи аймақтағы тағы бір жәдігер – Ибраһим ата кесенесі. Аумағы үлкен ғимараттың ауласына гүл мен ағаштар егіліп, тазалығы көңілге қуаныш сыйлап тұрғанымен, бұл жерде де су, қоқыс, жолға байланысты күрмеуі шешілмеген мәселелер баршылық. Олар туралы «Осы жердің бар тірлігін отбасыммен атқарып жүрмін» деген Артықожаев Қадырхан есімді шырақшы айтып берді.

«Мен бұл кесенеде 6 жылдан бері шырақшымын және осы уақыт аралығында өзім шеше алмаған бірнеше мәселелер бар. Оның біріншісі – су күніне 2-3-ақ сағат ағады. Суды аққан кезде ыдыстарға құйып алғанымызбен, күн суық кезде жылыта алмаймыз, сосын келушілер суық сумен дәрет алуға мәжбүр болады. Ал, екіншісі – қоқыс мәселесі. Мен ешкімге жина демеймін, өзім-ақ жиып-теріп қоямын, тек алып кетсе болды. Алдында жинайтындар келіп тұратын, бірақ соңғы 4 айдың көлемінде ешкім келген жоқ. Сосын амал жоқ, өзім өртеп құртып жүрмін. Дегенмен менің шамам бәріне бірдей жете бермейді ғой», - деді Артықожаев Қадырхан.

Одан бөлек, осы кесененің қасында мешіт орналасқан және екеуінің арасын жол бөліп тұр. Шырақшының сөзіне сүйенсек, бұл жолмен жүретін көліктер жылдамдықты белгіленген шамадан тыс асырып, жолдан өтетін келушілердің өміріне жиі қауіп төндіреді.

Сондықтан, кесене тұсындағы жолға жылдамдық бәсеңдеткіш (лежачий полицейский) қою керек дейді ол.

Расында, Қарашаш ана кесенесі шырақшысының «Сонда, кесенені құлатып алғаннан кейін қимылдауымыз керек пе?» деген жанайқайы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Себебі, ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған жәдігерлерінің бірде-бір кірпішіне зақым тигізбей, келешек ұрпаққа жеткізу барлық адамның парызы. Оның үстіне тарихта аты қалып, талай адам тәу етіп келетін Шымкенттегі оннан аса киелі орындардың осындай күйде тұруы және осы екі кесененің мемлекет қарауында болса да, қаншама жылдан бері дұрыс көңіл бөлінбей келе жатқаны тарихын құрметтеген халыққа уайым, ал уәдені беріп-беріп орындамай кететін жауаптылар үшін үлкен сын екені анық.


Өз кезегінде бұл кесенелердің аумағын абаттандыру және коммуналдық қызметтерді жақсарту мәселелері бойынша туындаған сұрақтарға Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығы жуырда өткен баспасөз брифингінде жауап беріп, жобалар дайындалып жатқанын және бұл бағыттағы жұмыстардың 2020 жылы қолға алынатынын жеткізген болатын. Бірақ, бұл да бір бос сөз болып қалмай ма?! Ол алдағы уақыт еншісінде...

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет