Көп балалы аналар Шымкент қаласы әкімдігін торуылдап жүр

0
2 418

Шымкенттік көпбалалы аналар әкім Әбдірахымов болмаса, басқаларына сенбейтіндіктерін айтып отыр.


Көп балалы аналар Шымкент қаласы әкімдігін торуылдап жүр

фото: ERNUR.KZ

Көп балалы аналар Шымкент қаласы әкімдігінің алдына жиналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оншақты жылдан бері Достық шағын ауданында тұратын Гүлзира Садықованың 5 баласы бар. Оның біреуі тума мүгедек екен. Айтуынша, үкімет берген жәрдемақы шайлығына жетпей, ауру баласына дәрі-дәрмек алуға шамасы келмей отыр. Оның үстіне мемлекет берген баспанасының да әлі күнге құжатын реттей алмай отырғанын айтады.

«Біздің үйлердің құжаты жоқ. Жеріміз жекешелендірілмей жатыр. Соның кесірінен бала-шағамызды тіркеуге қоя алмай қор боп жүрміз. 16 жасқа толған балдарымызға жеке куәлік ала алмай отырмыз. Жеке куәлігі жоқ баламыз оқуға түсе алмай, жұмысқа кіре алмай қор болмақ па? «Собеске», «ЦОН»-ға барсақ үй сіздердікі емес дейді. Сол себепті пропискада жоқсыздар деп отыр. Біз 10 жылдан бері үй біздікі деп қуанып жүргенбіз. Енді біреу келіп үпірсе ұшып кете салатын күзгі жапырақ болып тұрмыз», - дейді ол.

Ал 6 баланың анасы Карима Хайдарбекованы таңертеңнен қара кешке дейін 2 топтағы мүгедек баласының жанынан шыға алмайды екен. Сол себепті жалғызбасты ана жұмысқа да шыға алмайтынын ашына айтты. Бүгінгі мемлекет беретін жәрдемақы нарықтағы бағаға мүлде сай келмейтінін айтады.

«Маған мемлекеттен 23 мың теңге қараушы ретінде тағайындалған. 34 мың теңге мүгедек балама тағайындалады. Мүгедек балама беретін осы ақшаны менің табысым ретінде есептейді жауапты мекемелер. Сөйтіп 34 мыңды өзге перзенттеріме де шашады. Олай болмайды ғой. Ол 34 мың керек болса, мүмкіндігі шектеулі баламның өзіне жетпейді. Оның тамақ, киімінен басқа дәрілері бар. АЛ, екінші қызымды шала босанғанмын. Оны мүгедектіктен шығарып тастады. Өйткені менен 40 мың теңге сұрады. Ол ақшаны бере алмадым», - дейді Карима Хайдарбекова.

Аналар аталмыш мәселелерді шаһар басшысына айту мақсатында әкімдікке келген. Алайда, «Ғабидолла Әбдірахымов қызмет орнында жоқ» депті мұндағылар. Шағымданушыларды қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай қабылдап, арыздарын тыңдаған.

Десе де, «Біз бәрін заңд түрде, заң аясында шешеміз" деп арқадан қағып шығарып салды. Мұндай құрғақ уәделерді талай естігенбіз. Сондықтан Қайрат Нұртайдың сөзі көңілге қонбады. Әкім Әбдірахымов болмаса өзгелеріне сенуден қалдық», - дейді аналар. Сол үшін әкімдік алдына әлі тағы келетіндерін айтады.

Өкінішке орай, қанша сұрау салғанымызбен әкімдік тарапынан аталмыш мәселелер бойынша журналистерге ешбір лауазым иесі пікір айтпады. Біз де көп балалы аналардың мәселесін бақылауда ұстайтын боламыз.