ҚР Денсаулық сақтау министрі шымкенттік 20-дан астам тұрғынды жеке қабылдады

0
635

Еліміздің бас дәрігері Шымкент қаласындағы іс-сапарын БАҚ өкілдеріне брифинг берумен қорытындылады.


ҚР Денсаулық сақтау министрі шымкенттік 20-дан астам тұрғынды жеке қабылдады

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау аясында, жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

20-дан аса азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдаған еліміздің бас дәрігері Шымкент қаласындағы іс-сапарын БАҚ өкілдеріне брифинг берумен қорытындылады.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету екенін атап өткен министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстар мен жоспарларға тоқталып өтті.

Атап айтқанда, өткен жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданды, онда қолжетімді сапалы медициналық көмек, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары, саламатты өмір салтын жүргізетін халықтың үлесін арттыру, бұқаралық спортты дамыту сияқты 4 бағытты іске асыру көзделген.

Биологиялық қатерлерді ерте анықтауға және алдын алуға бағытталған биологиялық қауіпсіздік туралы Заң қабылданды. Осы мақсатта биоқауіптерді болжау және алдын алу жүйесін қалыптастыру көзделген.

Пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық қызметкерлерді сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасын қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2021 жылдың қорытындысы бойынша қалада бала туудың 10% - ға өсу оң динамикасы байқалады, ана өлімі 15% – ға төмендеді, сондай-ақ қан аурулары өлімінің көрсеткіші 6% - ға, қатерлі ісіктен болатын өлім 11%-ға төмендеді.

2022 жылдың 6 айында ана өлімінің 5 есеге төмендегені байқалады.

Қан айналым жүйесі ауруларынан өлім жітім 9% - ға және қатерлі ісіктен 11% - ға төмендеді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын - алғашқы медициналық-санитарлық көмек - бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.

Шымкент қаласында 76 МСАК нысаны бар, 2025 жылға дейін 15 нысанның құрылысы мен ашылуы жоспарлануда.