ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Шымкентке келді

0
1 429

​ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Республикалық маңызы бар Үшінші мегаполиске келіп, Елбасы және Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Шымкентке келді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын пысықтау мақсатында келген Роман Скляр өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысымен танысты. Бүгінде жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды.

Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 115 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылған. Жұмыс 2 ауысымда жүргізілуде. Жаңа терминалдың құрылысы осы жылдың қазан айында аяқтау көзделіп отыр.

Вице-премьер одан әрі тоқтап тұрған бұрынғы «Меланж» АҚ-ның тоқыма фабрикасының және бұрынғы «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын іске қайта қосу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Естеріңізге сала кетейік, бұл кәсіпорындардың мүлік меншігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-на тиесілі.

2019 жылғы 21 маусымда Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысының хаттамасына сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымын өзара ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде көршілес Өзбекстан тарапымен бірлескен тоқыма кластерін құру мәселесін қарастыру қажеттігі жайлы келісімге қол жеткізілген болатын.

Хаттаманы орындау үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Өзбекстан Республикасының «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы арасында өткен жылдың 22 маусымында стратегиялық ынтымақтастық туралы шекті келісім жасалды. Кейіннен тараптар Шымкент қаласында орналасқан меншік құқығындағы аталмыш қорға тиесілі тоқыма фабрикаларын басқару жөніндегі жол картасын әзірледі.

Осы жол картасы орындау барысында «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-і бірлескен кәсіпорны құрылды.

Жол картасының 1-кезеңінде 7 жыл бойы тоқтап тұрған «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-сі жіп иіру фабрикасы 2019 жылғы 5 желтоқсанында іске қосылып, онда 120 адам жұмыспен қамтылды.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов:

- Жол картасының жүзеге асырылуы, тоқыма кәсіпорындарының қайта іске қосылуы үшінші мегаполис үшін өте маңызды. Бүгінде әкімдік тарапынан өндірісті іске қосуға және кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымын қалпына келтіру (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосу) жұмыстары қарқынды жүруде, - деді.

Аталған фабрикаларды іске қосу Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіру саналады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің 2 есеге өсуін қамтамасыз етіп, 800 адам жұмыспен қамтылады.