«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкентте жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр

0
683

Биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкентте жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр

Өңірлік теңсіздік проблемасы бүкіл әлемге тән жайт. Яғни қай елді алып қарасақ та, шешімін таппаған мәселелері баршылық. Аталған мәселе біздің елімізде де бар. Алайда, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Осы ретте еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкентте де шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Атап айтар болсақ, халықты сапалы ауызсумен қамту, тұрғын үй мәселесі, жолдардың сапасы сынды кезек күттірмейтін мәселелер бар. Осындай шешілмеген аталған мәселелер негізінде өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Яғни осы бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін нақты жоспарлар бекітіліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. 5 жылдық жоспар базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұрады.

Осы ретте аталған жоба негізінде тұрғын үй коммуналдық жағдайын жақсарту әрі құрылысын дамыту негізінде Шымкент қаласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен болашақта іске асатын жоспарлармен танысқан болатынбыз.

Ендеше, назарларыңызға Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметтерін ұсынамыз.

Ең алдымен, қала тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі ауыз сумен қамтудан бастайық. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.

Аталған басқармалардың дерегінше, қазіргі таңда қаладағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ал қалған Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су кестемен беріледі. 2022 жылы 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 98%-дан, 99%-ға өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ал, Асар 2-нің жаңақұрылысының сумен қамтылуы келер жылға өтпелі. Алдағы жылдың жоспары бойынша 3 магистралды суаққы салынып, қолданысқа берледі. Осы айтылған жұмыстар уақытында орындалар болса, 2023 жылы миллионды қаланың ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.

Мегаполис тұрғындары үшін келесі маңызды мәселе – кәріз жүйесімен қамту. Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.

Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.

«Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр», - деді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері.

Табиғи газбен қамту қаладағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы ретте биыл табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 93%-дан, 94,7%-ға дейін көтеріледі.

«2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады», - деді басқарма өкілдері.

Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы тұрғындар үшін қолайлы өмір сүрудің негізі болып саналады. Бұл мәселелер халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін болғандықтан, уақытында шешімін тапқаны дұрыс деп білеміз.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ