"Құлап бітеді": Шымкентте берілгеніне бір жыл болған үйдің жертөлесіне су толып жатыр

0
1 803

Көпқабатты үйдің алды-артына су ағып кететін арық жасалмаған.


Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Әдия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жертөлеге толған суды өздері тартып шығарып жатыр. Өйткені, қыс пен көктем айларында жауған жауын мен еріген қардың суы аталған тұрғын үй кешеніндегі №15 үйдің жертөлесіне келіп құйылады екен. Пайдалануға берілгеніне небәрі 1 жыл болған үйдің тұрғындары жертөлеге жиналған судан үй құлап қала ма деп қорқады.

Егер бұл проблеманың жақын арада түйіні шешілмесе, үй көпке шыдас бермей, құлауы мүмкін дейді тұрғындар.

Аталған тұрғын үйдің жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі танысып қайтты.

«Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы аясындағы қаржыға салынған «Әдия» тұрғын үй құрылысымен қалалық «Әдия Групп Тұран» ЖШС айналысқан. Баспаналы болдық деп қуанған жұрт «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорымен» келісім шартқа қол қойған.

Қазір осынау кешеннің 160 тұрғыны жертөленің суға толғандығын айтып, шағымдануда. Бұл жағдай былтырғы жылы да орын алған көрінеді. Тіпті, «Самұрық-Қазынаның» мамандары келіп, аз уақытта олқылықтарды жоямыз деп уәде беріп кеткен екен тұрғындардың айтуынша. Бірақ, "еш нәтиже көріп отырған жоқпыз" дейді олар.


«№15 үй шетте орналасқан. Яғни, батыс жағында. Шығыс жағындағы үйлердің алдындағы су ағатын арық цементпен істелінген. Ал батыс бөлігіндегі ең соңғы №15 үйде су ағатын арық алдында, да артында да жоқ. № 9,11 үйден бері қарай су аққан кезде №15 үйдің жертөлесіне келіп жиналады. Оның астындағы су 1 метрдей болады. Көктем мен күздің жаңбырлы кезінде жиналған судан шыққан сасық иістен отыру мүмкін емес. Бір жыл болды үйдің ақысын төлеп жақанымызға. Әлі 12 жыл төлеуіміз керек. Оны төлеп боламыз дегенше, мына үй құлап бітетін болды. «Самұрық-Қазынадан» мына арықтарды істеп берулеріңізді сұраймыз», - дейді шағымын айтқан тұрғындардың бірі Гүлжан Бисенбаева.


«"Самұрық-Қазына" мен осы үйді соққан құрылыс компаниясына №15 үйдің астындағы жертөлені талап сай етіп жасамаған. Екінші мәселе, мына жерде суағар деген де істелмеген. Тек қана көзбояушылықпен жасап кеткен. Ал олардың салғырттығының азабын осы №15 үйдің 160 тұрғыны көруде. "Самұрық-Қазына" осыдан қорытынды шығарып берсе екен. Мына тұрғындардың барлығы 13 жылға «Смұрық қазынамен» келісімшартқа тұрған. Егер нәтиже шықпаса, бұл үйлер 5 жылға да шыдас бермейді.",- дейді Нұрали Камалов есімді тұрғын.



Еске сала кетейік, өткен жылы «Әдия» тұрғынүй кешенінің халқы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандығы жайлы ERNUR.KZ тілшісі арнайы материал дайындаған болатын. Оған баратын жолдың жағдайы мәз емес еді. Тіпті, қоғамдық көлік бұл тұрғынүй кешеніне мүлде келмейтін. Ал қазір қоғамдық көліктің мәселесі шешіліпті.

Алайда, шалғайда орналасқан тұрғынүй кешенінің тұрғындарын мазалаған мәселелер мұнымен тоқтамапты. Ендігі олардың түйткілді проблемасы - жертөлесі су толып тұрған баспанасы болып отыр.