Мемлекеттік қызметкерлер туралы заңға өргертулер енгізілді

0
17 382

Конкурстан тыс қатысатын мемлекеттік қызметшілердің тестілеуден өтуі тоқтатылды.


Мемлекеттік қызметкерлер туралы заңға өргертулер енгізілді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы МҚІА Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімі жаңғыртылып, құзыреттілік тәсіл негізінде мансаптық модель енгізілген және меритократия қағидаттары нығайтылған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сыбайлас жемқорлық қылмыс болған ведомстваның бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан реттеу керек» деген талабы қабылданған Заңда толығымен қамтылды.

Атап айтсақ, мемлекеттік қызметі туралы Заңның жаңа нормаларына сәйкес әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау құқығы бар адамдар тобы кеңейтілді. Олар – халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі барлар, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтағандар,сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқарған азаматтар конкурстан тыс тағайындалады. Бұрын әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс орналасу құқығы тек судьялар, депутаттар, саяси және халықаралық қызметшілерде ғана болған.

Бұл ретте қабылданған түзету белгіленген талаптарға сәйкес келетін барлық азаматтар қатыса алатын конкурс бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметке түсудің қолданыстағы тәртібін жоймайды.


Сондай-ақ, заңға мына өзгерістер енгізілді:

● Жоғарыда аталған талаптарға сай келетін азаматтар мемлекеттік қызметке тағайындалу үшін мемлекеттік қызметшілерге арналған тестілеуден өтуі тоқтатылды.

Бұл ретте қабылданған түзету белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін барлық азаматтар қатыса алатын конкурс бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметке түсудің қолданыстағы тәртібін жоймайды.

Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша басшыларға бағыныштылар жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өз өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында саяси қызметшілерді ротациялау енгізілді. Яғни, ротация тиісінше бос немесе уақытша бос мемлекеттік саяси лауазымдарға немесе мемлекеттік саяси қызметшілер арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі. Бұрын ротация тек әкімшілік қызметшілерге ғана қолданылған.

Мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшіде қызметтік этиканы бұзғаны үшін алынбаған жаза болған жағдайда лауазымды жоғарылатуға тыйым салынды.

● Сондай-ақ қабылданған заңмен мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органның қызмет бейіні бойынша Президент жанындағы оқу орындарында және өзге де білім беру ұйымдарында оқыту мүмкіндігі енгізілген.

Бос басшы лауазымдарын жедел толтыру мақсатында басшы лауазымдар міндеттерін уақытша жүктеу мерзімі 3 айға дейіншектелді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшы лауазымдарын уақытша жүктеуге тыйым салынды.

Мемлекеттік қызметке қайта түсетін тұлғаларға, олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімі, аттестаттау қорытындылары бойынша немесе теріс себептер бойынша бұрын босатылған адамдарға міндетті түрде сынақ мерзімі белгіленеді.

Заңдағы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік органдардың біліктілік талаптары уәкілетті органның келісімінсіз,мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адаммен бекітілетін болады. Бұл ретте, уәкілетті орган үлгілік біліктілік талаптарын бекітеді.

Сондай-ақ, қабылданған заң аясында Қазақстанда дамыған елдерде қолданылатын сәйкестендіру карталары енгізілуде, олар жақын арада көптеген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктерін алмастырады.