"Мерейлі отбасы – 2022": Шымкентте конкурс жеңімпаздарын анықтау жөніндегі комиссия отырысы өтті

0
674

«Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық конкурсының жеңімпаздары ағымдағы жылдың 31 тамызға дейін анықталып, марапатталатын болады.


Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын анықтау жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған конкурстың мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау. Конкурсқа қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасылардың мүшелері жіберіледі.

Былтырғы байқау шарты негізінде өңірлерден 2 жеңімпаз отбасы анықталып, республикаға жолдама алатын болса, биылғы екінші жылда бір ғана отбасы жолдама алатын болады. Өңірлерде анықталған жеңімпаз отбасы, республикалық «Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық конкурсының жеңімпазы әрі лауреаты атанады.

«Мерейлі отбасы - 2022» ұлттық конкурсының жеңімпаздары ағымдағы жылдың 31 тамызға дейін анықталып, марапатталатын болады. Шымкентте «Мерейлі отбасы - 2022» байқауына қатысуға өтініш білдірген белсенді отбасылар саны артқан. Былтыр конкурсқа қатысуға 110 отбасы ниет етсе, биыл 128 отбасы құжат тапсырған. Қазіргі таңда төрт аудан бойынша аудандық деңгейде өткен конкурс өз мәресіне жетті. Абай ауданы – 33, Әл-Фараби ауданы – 30, Еңбекші ауданы – 31, Қаратау ауданы – 34 мерейлі отбасы тиісті құжаттарын тапсырып, жеңімпаздарды анықтау бойынша құрылған комиссия өз шешімдерін шығарды. Әр ауданнан 4 отбасыдан жалпы 16 отбасы жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, 2021 жылы өткен "Мерейлі отбасы" байқауына Шымкент қаласының тұрғындары арасынан Абай ауданы - 31, Әл-Фараби ауданы - 20, Еңбекші ауданы - 20, Қаратау ауданы – 39 барлығы 110 өтініш қабылдаған еді. Бұл 2019 жылмен (31 отбасы) салыстырғанда 4 есе көп отбасы қатысқандығын көрсеткен.