Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы ауызсу құбырының құрылысын сапалы орындауды тапсырды

0
368

Қазіргі таңда Қайнарбұлақта ауыз су кесте бойынша шектеулі уақытпен беріледі.​


Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы ауызсу құбырының құрылысын сапалы орындауды тапсырды
Шымкент қаласы Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қалалық Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Қазір аталған елдімекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы осы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында нысандарды аралауға шықты.
Қазіргі таңда Қайнарбұлақта ауыз су кесте бойынша шектеулі уақытпен беріледі.
Сондықтан Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізілуде. Бүгінге дейін мұнан бөлек 170 шақырым құбыр тартылып жұмыстың 75%-ы орындалған. Биылғы жылдың соңына қарай жобаны толық аяқтау межеленген. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемелерге жұмысты ширатуды, әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент сапалы электр жарығына қосылуға мүмкіндік алды. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда Қайнарбұлақ электр қуатымен 100% қамтылады.
Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 98%-дан 99 %-ға жеткізіледі.
Сонымен бірге Қайнарбұлақ елдімекенін табиғи газбен қамту жұмыстарын «Отау Строй» ЖШС-і мойнына алған, қазір мердігерлік мекеме тарапынан құрылыс кестеге сай жүргізілуде. Елдімекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы ауқымды болуына орай газдандыруды 2024 жылы аяқтау жоспарланған.