Мұрат Әйтенов қала экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетті

0
417

Қала әкімі инвестициялық жобаларды қолдау бағытындағы шаралардың заң шеңберінде атқарылуын қадағалауды тапсырды.


Мұрат Әйтенов қала экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетті

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында ауылшарушылығы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс салаларын дамытуға бағытталған 8 жоба талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Инвесторлар аэрозоль баллондарының түрлерін, кір сабын, электротехникалық тауарлар өндіру, қойма логистикалық кешенінің құрылысына қатысты мегаполис экономикасы үшін маңызды жобаларын таныстырды. Отандық инвесторлар жер телімін бөлуге қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

Бизнес өкілдеріне қолдау білдірген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инвесторлардың өтініштері бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдау бағытындағы шаралардың заң шеңберінде атқарылуын қадағалауды тапсырды.

Айта кетейік, Шымкентте тәулігіне 5 тонна кондитерлік өнім өндіретін зауыттың қазығы қағылмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда 200 азамат жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, 260 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін, жылына 24,8 миллион жұп шұлық өндіретін зауыт құрылысы басталуы ықтимал. Сондай-ақ, «Турсуметова Г.А» ЖШС басшысы Гульноз Абдукахарқызы «Бозарық» агро-индустриалды аймағынан ет, жеміс-жидек, көкөніс жартылай дайын өнім консервілері өндірісін ашуды көздейді. 1,1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 15 147,5 тонн өнім болмақ. 2023-2024 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 135 адам жұмыспен қамтылады. Ал, «RailNTEX» ЖШС барысы Таир Битенбаев «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 5 га жерге өндірістік зауыт салуға ниетті. Инвестициялық салымы – 4,7 миллиард тенгені құрайтын тоқыма және тігін өнімдерін шығаратын өндіріс ошағы бой көтергенде жылына 12 миллион метр өнім өндірілетінін алға тартып, 100 адам жұмыспен қамтылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жекеменшік мектеп, жылыжайлар және басқа да өндіріс орындарын ашу жөніндегі бірқатар жобалар ұсынылды. Аталған жобалар жүзеге асқанда қала экономикасына 34,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1200-ден аса азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.