Мұрат Әйтенов қала тұрғындарын қабылдады

0
475

Бүгінгі әкім қабылдауына 200-ден астам қала тұрғыны келді.


Мұрат Әйтенов қала тұрғындарын қабылдады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.

Бүгінгі әкім қабылдауына 200-ден астам қала тұрғыны келді.

Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер тұрғын үй, жер телімін заңдастыру, жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек және т.б. қатысты.

Мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралды. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде.

Тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға тағы да түсіндіріліп өтті.

Қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-на жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беруде екенін атап өтті.

Қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары, өңірлік департамент басшылары мен салалық басқарма басшылары да болды.

Қала әкімінің бірыңғай жеке қабылдауында қоғамдық емес, жеке басқа қатысты мәселелер қаралатындықтан, мұнда БАҚ өкілдері шақырылмауда. Дегенмен, жеке мәселенің талқылану барысынан бөлек, жалпы фото және видео түсірілімін жасауға болады.

Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді.