Мұрат Әйтенов Құрсайды инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексерді

0
432

Шағынаудан орталығына табиғи газ берілген.


Мұрат Әйтенов Құрсайды инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексерді

Шымкент қаласы Құрсай шағынауданына инжинерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аудан орталығы электр жарығымен толық қамтылған. Ал жаңақұрылыс аумағында орналасқан 282 орамға электр қуатын жүргізуге биыл жобалық сметалық құжаты әзірленуде.
Шағынаудан орталығына табиғи газ берілген. Жаңақұрылыс аумағындағы 282 мен 283 орамға газ тарту үшін жобалық сметалық құжаты дайындалуда.
Ал, сапалы ауыз сумен қамтуға «Риголит» мердігер мекемесі тарапынан құрылыс 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 54 пайызы орындалған. Жоба үшін өткен жылы 747,2 млн теңге қаржы қаралса, биыл 2 040,4 млн теңге бөлініп отыр. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 58 пайызы аяқталған.
2021 жылы қаламызда 3 магистралды суаққы мен 10 елді мекенде құрылыс аяқталып, сапалы сумен қамту көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға жетті. Қазір суды кестемен алып отырған Құрсай, Сайрам шағынауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабы үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрсайдағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталады. Сайрам мен Қайнарбұлаққа ауыз су жеткізу жұмысы келер жылға өтпелі. 2023 жылы тағы 3 суаққының құрылысы аяқталғанда қаламыз ауыз сумен 100 пайыз қамтылады.
Сонымен қоса, өткен жылы Құрсайда екі көшеге шағал тас төселді. Биыл тағы 7 көшеге тас төселіп, екі көше асфальттанады. Сонымен қатар, 2022 жылы Жеті жар көшесі мен З.Сатқанбай көшесіне жарық шамы орнатылады. Сапалы интернет бойынша «Кар-Тел» компаниясының базалық станциясы орнатылды. Цифрландыру басқармасы тарапынан №49 мектеп маңына антенна-матчталық құрылғысы қойылып, байланыс операторлары базалық станцияларын орнатуда.