Мұрат Әйтенов Металлургтер стадионының құрылысымен танысты

0
535

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған спорттық нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қазір қайта жаңғыруда.


Мұрат Әйтенов Металлургтер стадионының құрылысымен танысты

Шымкенттегі Металлургтер стадионы қайта жаңаруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған спорттық нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген, қазір қайта жаңғыруда.

Құрылыс барысын шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы барып, жұмыстардың орындалу барысын тексерді.

Жоба бойынша мұнда әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), спорт залдар, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі, 1504 орынға арналған трибуна, командалық киім ауыстыру бөлмесі, спорттық тренажерлер алаңшасы, ойындар алаңшасы, кешенде қолданылатын спорттық табло, сумен жабдықтау сорғысы, кәріз сорғы бекеті салынуда.

Аумағы 3 га аса жерді қамтитын нысанның құрылысы 2020 жылдың наурызында басталған, бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылды. Стадион құрылысы келесі жылға өтпелі.

Еске сала кетейік, биыл Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – Бозарық-3 шағынауданында бой көтеріп келе жатқан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты. Жобаға сәйкес бұл нысанда бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл қаламызда бюджет есебінен 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қоса, Абай ауданында - 25, Әл-Фараби ауданында - 9, Еңбекші ауданында - 11, Қаратау ауданында - 6 спорт алаңшаның құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы алғанда 51 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қалада жалпы 346 алаңша бар.