Мұрат Әйтенов Тұран шағын ауданының тұрғындарын қабылдады

0
654

Тұрғындар Бас жоспарға енгізілетін түзетулерге байланысты жеке меншіктегі жерлер мемлекет мұқтаждығына алынады деп шағымдануда.


Мұрат Әйтенов Тұран шағын ауданының тұрғындарын қабылдады

Шымкентте азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні аясында қала әкімі Мұрат Әйтенов жер мәселесін айта келген Тұран шағын ауданының тұрғындарын қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жергілікті тұрғындар Бас жоспарға енгізілетін түзетулерге байланысты жеке меншіктегі жерлер мемлекет мұқтаждығына алынады деп шағымдануда.
Тұран, Нұртас шағын аудандары орналасқан аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары 2015 жылы бекітілген.
«Аталған аумақтардың қазіргі инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерінде, қаламыздың қарқынды дамуына байланысты жетіспеушілік орын алуда. Осыған орай, талдау нәтижесінде 2021 жылы аталған аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлауға түзету енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп, көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және тағы да басқа нысандар құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында үй кезегінде 48 мыңнан астам азамат тіркелгенін ескеретін болсақ, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын барынша қолға алуымыз қажет. Алдағы 10 жылдың көлемінде жобаланған көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қуаттылығын есептей отырып бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетін боламыз», - деді әкім.
Бұл жұмыстардың жеке меншіктегі жер телімдерін жаппай мемлекет мұқтаждығына қайтарып алуды білдірмейтінін айтқан Мұрат Әйтенов жоспарланған құрылыстарды жүргізуге қажеттілік туындаған жағдайда ғана, жер телімдерінің егелерімен келісе отырып шешілетін мәселе екенін, қала дамуына сәйкес өзгеріп отыратын бас жоспардың жалпы қалалық мақұлдаумен ғана бекітілетінін жиынға келген тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп өтті.