​«Мың жүйрік»: Шымкентте республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

0
629

Онлайн түрде өткен байқауға этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгерген балалары қатысты.


​«Мың жүйрік»: Шымкентте республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мың жүйрік» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Онлайн түрде өткен байқауға этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгерген балалары қатысты.

Республиканың барлық өңірлерінен 5-12 жас аралығындағы 531 бала өтініш беріп, олар 4 бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда байқау «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша өтті. Қазылар алқасы балалардың жұмыстарын қарап шығып, үздік 10 оқушыны жеңімпаз деп таныған.

– «Мың жүйрік» республикалық байқауын осымен екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқаудың мақсаты Мемлекет басшысының қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету жөніндегі тапсырмасымен үндесіп, үйлесіп жатыр. Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың бойына дарытуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл – ортақ міндетіміз. Бала жастан тілді үйретудің де маңызы жоғары, - деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.

М.Шотанов республиканың әртүрлі өңірлерінен келген байқау жеңімпаздарын марапаттап, оларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының мүшесі Зәуре Оралбаева мен Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов сөз сөйлеп, жеңімпаз атанған оқушыларды құттықтады.

Айта кетейік, 2021 жылы өткен байқауға қазақ тілін меңгеруге арналған ағартушылық жобаға республика аумағында тұратын 300-ге жуық этнос балалары қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 бағыт бойынша өз өнерлерін бейнеролик арқылы ұсынды. Олардың ішінен ережеге сәйкес, 10 бала таңдалды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.