​«Педагог мәртебесі»: Сенат Төрағасының орынбасары шымкенттік ұстаздарға жаңа Заңды түсіндірді

0
1 558

Енді мұғалімдер қара жұмыстарға тартылмайды және газет-журналдарды сатып алуға міндетті емес. Ең маңыздысы, білікті мұғалімдердің жалақысына да едәуір өзгешеліктер енгізілмек.


​«Педагог мәртебесі»: Сенат Төрағасының орынбасары шымкенттік ұстаздарға жаңа Заңды түсіндірді

Қаңтар айынан бастап мұғалімдер Заңда көрсетілген еңбек ақысын қолдарына алады. Бұл жөнінде Шымкент қаласына арнайы келген Бектас Бекназаров өз мәлімдемесінде баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен қос сенатор Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбарова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына арнайы келді. Ондағы басты мақсат – «Педагог мәртебесі туралы» қабылданған Заңды мегаполистегі ұстаздар қауымына түсіндіру. Яғни, жаңа Заңның қауқары қандай? Ұстаздарға не береді? Енді ұлы ұстаздардың құқығы қалай қорғалмақ? Осы сауалдардың барлығы бүгінгі басқосуда талқыланды.

«Өткен жылы Сенат пен Мәжіліс халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашатын 83 заң жобасын қабылдады. Қос палата депутаттары заңнамалық жұмыста Тұңғыш Президент – Елбасының әлеуметтік стратегиялық бастамалары мен Президенттің халықты қолдауға арналған тапсырмаларын негізге алды. Ең бастысы қабылданған барлық құжат азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осындай маңызды Заңдардың бірі- «Ұстаздар мәртебесі туралы» Заң. Адамның қалыптасуы мен өмірде өз орнын табуға педагогтардың үлесі көп. Сондықтан да, бұл Заңның маңыздылығы орасан зор. Сондықтан да біз 3 жылдық бюджетті қалыптастырдық. Парламент Мәжілісінде1996 жылдан бері «Ардагерлер туралы» Заң жатыр. Әлі қабылданған жоқ. Бірақ, ұлы ұстаздарымыздың дәрежесін көтеру үшін бізге бұл Заң қажет болды. Мемлекетімізде халықтың әлеуметтік жағдайын қалыптастыру үшін қолдан келгенше жұмыстар атқарылып жатқанын көруге болады», - деп атап өтті Сенат спикерінің орынбасары.

Ал, Шымкент қаласындағы №1 А.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гүлназ Әбілдаева жаңа Заңның ұстаздар қауымы үшін маңыз зор екенін айтты.

«Бүгінгі таңда жастардың басым көпшілігі балаларға білім беріп, ұстаздық қызметте болғысы келмейді. «Педагог мәртебесі туралы» Заңнан кейін мұғалімдердің нағыз өз орындары айшықталды деп есептеймін. Қоғамда беделі мен құрметі артып, барлық жағынан қорғалатына ерекше қуандық. Мемлекет басшысының және бүкіл қазақстанымыздың Ұстазды ұстаз етіп шегелеп берген заңы деп есептеймін», - дейді.

Естеріңізге сала кетейік, 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына қол қойды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Жалпы заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты.