Шаһар басшысы қала тұрғындарымен онлайн режимде жүздесті

0
2 419

Кездесу барысында 24 адамның арыз-шағымы тыңдалды.


Шаһар басшысы қала тұрғындарымен онлайн режимде жүздесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды онлайн режимде қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінгі қабылдау ашық есік форматында, жылдық есеп беру кездесудің алдында ұйымдастырылып отыр.

Тұрғындар инфрақұрылым, инженерлік жүйелер, баспанамен қамту, қоғамдық көлік, абаттандыру мәселелерін көтерді.

Мұрат Дүйсенбекұлы жалпы 24 адамның арыз-шағымын тыңдап, орынбасарларына, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Еңбекші ауданы Бадам-1 шағынауданының тұрғыны Ақылбек Тұрсынбаев Қапал батыр көшесі бойында «Алем Строй-1» мердігер мекемесінің жолды қалпына келтіру жұмыстары сапалы орындалмай жатқанына наразылығын жеткізді. Тоғыс тұрғын алабындағы кәріз жүйелерінің құрылысы кезінде жер жұмыстары жүргізілген аумақ жобаға сай қайта қалпына келтірілген. Алайда қосымша шағал тас төсеу қажеттілігі анықталып, «Алем Строй-1» ЖШС өз есебінен тас төсеу жұмыстарын атқарды.

Қала әкімі мердігер мекеме тарапынан жолды қалпына келтіру жұмыстарының сапалы атқарылуы қатаң бақылауға алынатын мәлімдеді.

Еңбекші ауданы Пахтакор-2 шағынауданы Машат көшесінің тұрғыны Аманжол Тілемісов көшені жарықтандыру, кәріз жүйесі мәселелерін алға тартты.

Шаһар басшысының айтуынша, Ұлағат шағынауданына кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес, 2021 жылдың наурыз айында басталып, 2022 жылы аяқталады. Ал жарықтандыру жобасының жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының 2022-2023 жылдардағы жоспарында қарастыру туралы тапсырма берілген.