ШЫМКЕНТ: 200 отбасыға ауызашар себеті таратылды

0
1 267

Ордабасы алаңындағы мешітте дін өкілдері мұқтаж жандарға қораптарды таратты.


ШЫМКЕНТ: 200 отбасыға ауызашар себеті таратылды

Шымкент қаласында акция аясында Әл-Фараби ауданындағы 200 отбасыға ауызашар себеті таратылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласында қайырымдылық акциялары жалғасуда. Оның аясында әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға ауызашар себеті таратылады.

– Қасиетті Рамазан айында жасаған қайырымдылығымыздың сауабы еселенеді деп сенеміз. Алла тағала баршамыздың ниетімізді қабыл етсін. Мына көмекке қол ұшын созған кәсіпкер бауырларымызға Алла разы болсын, - деді «Абдул Хамит Қаттани» мешітінің имамы Керімбек Ахметжан Пірәліұлы.
Ордабасы алаңындағы мешітінде дін өкілдері мұқтаж жандарға қораптарды таратып берді. Айта кетейік, карантин режиміне байланысты биылғы Оразада Шымкент қаласының бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша ауызашар беру рәсімі тоқтатылып отыр. Сол себепті пітір садақа «Рамазан қоржынына» салынып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік түрінде жеткізіледі.
Бұл акцияға аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп отыр. Қайырымды азаматтар азық-түлік себетіне қаржы бөлген. Ал тиісті отбасылардың тізімін Әл-Фараби аудандық әкімдігінің мамандары беріп отыр.
Имамдар қайырымдылық іс-шараларына белсенді атсалысуға шақырады.