ШЫМКЕНТ: 2019 жылдың соңына дейін 50-ден астам көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

0
255

Шымкентте мемлекеттік бюджет және жеке кәсіпкерлер есебінен 132 тұрғын үй салынып жатыр.


ШЫМКЕНТ: 2019 жылдың соңына дейін 50-ден астам көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қалалық құрылыс басқармасының қала аумағындағы құрылыс жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған бирфинг барысында Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ахметов Ербол Құланбайұлы және оның орынбасары Өтенбаев Ғалымжан Әмірбекұлы қаладағы құрылыс жұмыстары мен жоспарлар жайлы баяндама жасап, БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік бюджет есебінен 30,3 млрд. теңге бөлініп, 4594 пәтерлі 83 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр екен және оның 26-сын ( 1514 пәтерлі) 2019 жылдың соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Ал, жеке салушылар есебінен 1919 пәтерлі 49 тұрғын үйдің құрылысы басталған, олардың арасынан да 26 тұрғын үй 2019 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар, қалалық құрылыс басқармасының басшысы Шымкент қаласындағы баспана кезегі мен алдағы уақытта салынатын тұрғын үйлер туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы баспана кезегіне 128 мың адам тіркелген және оның 38 мыңы арендалық тұрғын үй кезегінде тұр, ал қалғаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болып есептеледі. Осы кезектегі тұрғындарды баспанамен қамту үшін қазір 132 нысанның құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 2020 жылы салынатын 72 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Олардың көпшілігі «Тұран» мөлтек ауданында салынатын болады», - дейді басқарма басшысы Ербол Құланбайұлы өз сөзінде.

Сондай-ақ, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, көпбалалы отбасыларды арендалық баспанамен қамту мақсатында республикалық бюджеттен бірінші және екінші нарықтан 98 дайын пәтерлерді сатып алуға 732 млн. теңге бөлінген.

Айта кетейік, жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан құрылыс жұмысының сапасын тексеру мақсатында басқарма қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу жобасы ұсынылып, өз кезегінде басқарма басшысы бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет