​ШЫМКЕНТ: 600-ге жуық азаматтың тұрғын үй жалдау ақысы субсидияланады

0
511

Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісім шарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды.


​ШЫМКЕНТ: 600-ге жуық азаматтың тұрғын үй жалдау ақысы субсидияланады

Шымкент қаласында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 591 азаматтың өтінімі мақұлданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның ішінде 380 азамат пен Отбасы банкі арасында келісім шарт түзіліп, тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызына мемлекет тарапынан төлемдер аударылды.

Ал, өткен жылы Шымкент қаласында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданды.

Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. Баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен яғни 1 КМ=40 567 теңгеден аспауы тиіс.
Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс. Өтінімді рәсімдеу үшін жеке кабинетте төлемдерді алуға арналған өтініш пен дербес деректерді жинауға және өңдеуге арналған келісімге қол қою қажет. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, отбасы құрамын дербес анықтайды. Осыдан кейін отбасының кәмелет жасқа толған әрбір мүшесі «қонақ» мәрте­бесінде otbasy­bank.kz сайтына кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюға тиіс. Жүйе деректерді қайта тексеріп, үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлданады.

Айта кетейік, атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негіделген. Атап айтқанда, 50 пайызы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылса, қалған 50 пайызын пәтер жалдап тұратын азамат өзі төлейді. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған үміт­керлер ие бола алады.