ШЫМКЕНТ: Абай ауданында ревакцинация басталды

0
659

Бүгінгі таңда 2 мыңға жуық азамат америкалық вакцинаның І компонентін салдырып үлгерді.


ШЫМКЕНТ: Абай ауданында ревакцинация басталды

Шымкент қалалық №13 емханасында коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинация іс-шарасы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Америкалық Pfizer вакцинасының ІІ компоненті мен QazVak екпесінің ІІІ компоненті салынды. Алғашқы екпе осыдан 9 ай бұрын басталған. Осы жолы азаматтар ІІІ компонентін салдыруға келді.
Карима Райымқұлова емізулі жас ана. 21 күн бұрын Pfizer вакцинасын алған. Енді екінші бөлігін салдыру үшін емханаға келіп отыр. Вакцина алуға ешкім қарсы болмапты. Жолдасы полиция қызметкері. Ол да вакцина қабылдаған. Сондықтан жас отбасы денсаулығы үшін осындай шешімге келген.
Терапевт дәрігер Аяжан Өскенбек екпе салатын азаматтың қан қысымы, дене қызуы, сатурациясы өлшеніп, тамағы тексерілетінін айтты. Сосын екпе алып болған соң арнайы бөлмеде жарты сағат денсаулығы бақылауға алынады.
Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Абай ауданы бойынша басшысы Клара Адырбаеваның мәліметінше 205 адам вакцинаның ІІІ компонентін алған. Жоспар бойынша Абай ауданынан 12-17 жастағы жастар, екіқабат және емізулі әйелдерді қосқанда жалпы саны 33 мың адам Pfizer вакцинасын алу керек. Бүгінгі таңда 2 мыңға жуық азамат америкалық вакцинаның І компонентін салдырып үлгерді.
Pfizer вакцинасы қоймада -90 градуста, ал емханада - 25 градуста, салдырудан 2 бұрын - 2.8 градуста сақталады. Және флакон 6 сағатқа ғана жарайды. Ал отандық QazVak екпесі жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы сертификациясынан өтті.