ШЫМКЕНТ: “Адамгершілік – алғыс айтудан басталады” мерекелік іс-шарасы өтті

0
466

Салтанатты мерекелік іс-шарада алғыс хаттар табысталды.


ШЫМКЕНТ: “Адамгершілік – алғыс айтудан басталады” мерекелік іс-шарасы өтті

Шымкенттегі «Достық үйінде» қала тұрғындарының қатысуымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Адамгершілік – алғыс айтудан басталады» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Ассамблея жастары» ұйымы өкілдерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін орындауымен басталған жиын қалалық этномәдени бірлестік өкілдерінің «Достық үйі» ғимаратының алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.
Салтанатты мерекелік іс-шарада «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Еркін Бабаевқа, қалалық күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Исмат Сулеймановқа Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі мен алғыс хатын басқарма басшысы табыстады.
Ел игілігі үшін қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды анықтау, жұртшылыққа таныстыру. Адал еңбегімен абырой биігінен көрінгендерге алғыс айту мақсатын көздеген іс-шарада қарапайым еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, «Радуга транспорт» ЖШС-ның автобус жүргізушісі Ерғазы Алтынбеков, Шымкент дендрологиялық саябағының аула сыпырушысы Сәуле Темірбекова, «Түркістан транспорт компаниясы» ЖШС-ның механигі Әлімжан Мұхтарға алғыс хат пен теледидар табысталды.
Сонымен қоса, мемлекет және қоғам қайраткері, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Шалатай Мырзахметов пен Досыбай Шерімқұлов Қызылжар шағынауданының биі Бастархан Байжанов және Сайрам тұрғын алабының төбе биі Курванбай Шамшиметовке, Шымкент қаласындағы жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Үсен Рахматуллаев пен №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Шухратжон Халметовке алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Балхия Көмекбаева, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Роза Пак, «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің жетекшісі Нұрболат Мейірбеков және қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы Лаура Ақшегірова көп балалы аналарға (12 баланың анасы Қалампыр Қолтаева, 9 баланың анасы Гулнара Халитова, 7 баланың анасы Санабархан Худякова), ұстаздарға (Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Парида Архабаева, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Күлжарқын Туртбаева), мәдениет майталмандарына (Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Бекболат Құрманғожаев, қалалық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Анатолий Петриченко), медицина саласы мамандарына (қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная, қалалық перзентхананың №1 физиология бөлімшесінің акушері Рита Бекмуратова) алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бері аталып өтеді. Алғашында қазақ жеріне қоныс аударған этностардың қазақ халқына деген ақеділ алғысымен бастау алған мерекенің мазмұны соңғы жылдары кеңейіп, қоғам иігілігі үшін еңбектеніп жүрген азаматтарға алғыс айтумен жалғасуда. Мазмұны байытылған мерекені атап өтудің жаңа формасы қоғам тарапынан лайықты қолдауға ие болып отыр.