Шымкент әкімі әжетхана мәселесін шешуді нақты тапсырды

0
976

Е.Айтаханов: «Оңтүстік өлкесіне келген қонақтың саяхаты шымкенттен басталуы керек».


Шымкент әкімі әжетхана мәселесін шешуді нақты тапсырды

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен туризмді дамыту жайына арналған мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған жиында Шымкент қаласы туризм баскармасы тарапынан атқарылып отырған жұмыстардың есебі мен 2020 жылға арналған жоспары және аталған саланы дамыту бойынша бірқатар жаңа жобалар талқыланды.

Сондай-ақ, бүгінде аймақтық экономиканың қозғаушы күшін қалыптастыруда салмақты компоненттердің бірі ішкі және сыртқы туризм екенін айтқан қала басшысы Еуропаның дамыған елдерінің біразы осы мүмкіндікті өз пайдасына жаратып жатқанын айтты.

«Еліміздің үшінші мегаполисінде туристік кластерді дамытуға мүмкіндік мол. Ел ішіндегі және шетелдік туристер үшін аймақтың тартымдылығын арттыруға мәдени және тарихи ескерткіштеріміз де жетерлік. Климатымыз өте қолайлы. Түркістан облысындағы негізгі туристік орындар бір-бірімен өзара байланыста болып, Шымкент арқылы Сарыағаш, Түркістан, Отырар, Қазығұрт пен Самарқандқа және Бұхараға жалғасатын Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала туристік дәлізін қалыптастыруымыз керек. Яғни, жылы өлке Оңтүстікке келген туристердің саяхаты Шымкент қаласынан басталуы тиіс. Сондықтан қалада бірнеше жерден ақпараттық дүңгіршектер орнатып, туристік нысандарға қойылып жатқан QR паспортты орнатуды аяқтау қажет. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, оны дұрыс пайдалана алуымыз да қажет. Қонақжай туризмін дамытсақ үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Қала әкімі бұған қоса туризмді дамыту үшін ең алдымен қонақ үйлер мен туристік агенттіктермен жұмысты жандандырып, сервистік қызметті жақсартуды оның ішінде әжетхана мәселесін шешуді нақты тапсырды.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан туристік ассоциациясы мен туризм бизнесіне қатысты кәсіпкерлер және «KAZAKH INVEST» компаниясының өкілдері, Кәсіпкерлер палатасының мүшелері Шымкент қаласының туризм саласын дамыту бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Сөз соңында шаһар басшысы «Шымкент – қайырымды қала» деген баламаға лайықты болып, қала тұрғындары кездейсоқ кездесіп қалған отандық немесе шетелдік қонақтарға жол сілтеп, ізеттілігімен, мейірімділігін көрсетсе, ол да туризмді дамытуға өз септігін тигізетінін айтып, жиынды қорытындылады.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі