Шымкент әкімі: «Мұғалімдер есеп берумен емес, тәрбие, білім берумен айналысуы керек»

0
1 107

Е.Айтаханов білім саласын жүйелендіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.


Шымкент әкімі: «Мұғалімдер есеп берумен емес, тәрбие, білім берумен айналысуы керек»

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде орта білім беру саласын цифрландыру жұмыстары бойынша қала әкімі Е.Айтахановтың қатысуымен мәжіліс өтті. Сонымен қатар, аталған жиынға «Инновациялық Интелектуалдық Технология Академиясы» ЖШС-нің бас директоры Н.Құдайберген мен қаладағы бірқатар мектептердің директорлары және ұстаздар қауымы қатысты.

Мәжіліс барысында цифрландыру бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе екендігін жеткізген шаһар басшысы заман талабынан қалмау керектігін баса айтты.

«Бүгінде әлем өте қарқынды дамуда. Сол себепті де біз көштен қалып кетпеуіміз қажет. Білім саласындағы цифрландыруға ерекше мән бергеніміз абзал. Себебі мұғалімдер есеп берумен емес, оқушыларға тәрбие, білім берумен айналысуы керек. Цифрландырудың нәтижесінде ұстаздар өз уақыттарын үнемдеп, пайдалы іспен айналысатынына сенімім мол», - деді Ерлан Қуанышұлы өз сөзінде.


Сондай-ақ, мәжілісте сөз алған «Инновациялық интелектуалдық технология академиясы» ЖШС бас директоры Нұралы Құдайберген аталмыш сала бойынша өз жобасын таныстырып, мектептерде жасанды интеллектуалды кабинеттер ашу және IT саласының инженерлерін дайындау керегін айтты.


Сонымен қатар, жиын қорытындысы бойынша қала әкімі Е.Айтаханов тиісті басқарма басшылары мен мамандарға аталмыш саланы жүйелендіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызмет