ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданында балалар ойын алаңшасы пайдалануға беріледі

0
429

Балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған.


ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданында балалар ойын алаңшасы пайдалануға беріледі

Шымкентте заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшасы салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала басшысы Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көп қабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті.

Әл-Фараби алаңы №1А/ Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көп қабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды.

Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек.

- Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал, бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз,- деді шаһар басшысы.

Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады.

Көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда.

Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 миллиард теңге қаралды.