ШЫМКЕНТ: Бадам өзенінен 14 жастағы баланың мәйіті табылды

0
1 417

Колос аялдамасы маңындағы көпірдің тұсынан өзеннен мәйіті табылған бала Түркістан облысы Төлеби ауданынан қалаға қонаққа келген екен.


ШЫМКЕНТ: Бадам өзенінен 14 жастағы баланың  мәйіті табылды

Шымкентте Бадам өзенінен 14 жастағы баланың мәйіті табылды. 31 мамыр күні сағат 16.30 шамасында өзеннен баланың денесін сол маңдағы куәгерлер алып шығарған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі Колос аялдамасы маңындағы көпірдің тұсынан өзеннен мәйіті табылған бала Түркістан облысы Төлеби ауданынан қалаға қонаққа келген екен. Құтқарушылар алдын ала болжам бойынша 2006 жылы туған жасөспірім абайсызда суға құлап кеткен деп отыр. Өйткені өзеннен ап шыққан кезде марқұмның үстінде киімі болған.

Қайғылы оқиғаның мән жайын Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнында Шымкент қ. ТЖД жедел-құтқару жасағының құрамынан 3 адам, 1 техника, Абай аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері, 20 полиция қызметкері, 6 техника, жедел жәрдем бригадасы жұмыс атқарған. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті қала аумағынан өтетін Бадам өзенінде шомылуға болмайтынын ескертуде.

"Бадам өзенінің тереңдігі суға шомылу маусымы кезінде 50 см-ден аспайды, бұл осы акваторияда көпшілік демалатын орындарды орнатуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан өзенге шомылуға тыйым салынады. Осыған қарамастан қала тұрғындары мен қонақтары қауіпсіздік ережелерін елемейді, бұл қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады. Ауа райының ыстық болуына байланысты тауларда қардың қарқынды еруі жүріп жатыр, сондықтан да жазатайым оқиға кезінде Бадам өзенінің тереңдігі 2 м, ені 40 м құраған,"- деп мәлімдеді Шымкент қ. ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы.