ШЫМКЕНТ: “Балалар туризм апталығына” 250-ден астам бала қатысты

0
705

Алдағы уақытта балалар туризмін дамытуды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.


ШЫМКЕНТ: “Балалар туризм апталығына” 250-ден астам бала қатысты
Жалпы саны 250-ден аса бала Шымкент қаласының туристік нысандарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының маңызды функцияларының бірі - ішкі туризмді дамыту. Басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы осы бағытта – «Балалар туризм апталығын» ұйымдастырған болатын. Балалар мен жасөспірімдерге орталықтың гид-экскурсоводтарының жетекшілігімен әр нысанның мән-мазмұны туралы нақты деректер негізінде ақпараттар берілді. Экскурсия бағдарламасының барысы тек ақпаратпен шектелмей, оқушылардың өзара достық қарым-қатынас орнатуларына да ықпал етті.
«Барлығымыз үшін ең қымбат естеліктер - ол бала кезіміздегі сәттер. Апталықтың басты мақсатының бірі – жасөспірімдерге әдемі саяхат ұйымдастыра отырып, өмір бойы жадында қалатын естеліктер сыйлау болатын. Сондықтан, бағдарламаға қаланың ең танымал туристік орындары біріктіріліп, апталық барысында 10-нан аса нысанға тегін экскурсия жүргізілді», - деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы алдағы уақытта балалар туризмін дамытуды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.

«Балалар туризм апталығы» деп аталатын экскурсияға Шымкент қаласының ең танымал туристік орындары біріктірілген. Атап айтқанда: «Кең баба» этно-саябағы, жасөспірімдерге арналған қуыршақ театры, Ордабасы алаңы, «Shym Qala» тарихи-мәдени кешені, Тәуелсіздік саябағы, Даңқ мемориалы, Бейнелеу өнері музейі, Бәйдібек би монументі, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Зообақ.

Іс шара барысында балалар жоғарыда аталған орындардың тарихымен кеңінен танысты. Ол үшін орталықтың гид-экскурсоводтары балаларға құнды ақпараттарымен бөлісіп, бұл орындардың маңызына тоқталды. Одан өзге, балаларға арналған танымдық ойындар ойнатылып, тәттілер берілді.
Жалпы, балалар туризмі — 7-15 жас аралығындағы балаларға арналған саяхаттар мен экскурсиялар, танымдық және рекреациялық балалар туры. Ол баланың жан-жақты өсіп жетілуіне, ақыл-парасат деңгейінің артуына, қоршаған ортаны қорғауға, өз-өзін көрсете алуына және тағы басқа да қабілеттерін арттыруға септігін тигізеді.