Шымкент балалар үшін қауіпсіз қала болуы тиіс - Оқу-ағарту министрі

0
806

Министр іс жүзінде “SOS” түймесінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен тексерді.


Шымкент балалар үшін қауіпсіз қала болуы тиіс - Оқу-ағарту министрі

Оқу-ағарту ісінің министрі Шымкентке қызметтік сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміздің бас мұғалімі Ғани Бейсембаев жұмыс сапары барысында Шымкент қаласы полиция департаментінде болды. Қайрат Далбеков оқу-ағарту ісінің министрін жедел басқару орталығының жұмысымен таныстырды.

Бүгінгі таңда мегаполистің 246 мектеп бар, оның ішінде 151 мемлекеттік және 95 жеке меншік білім ордаларында бейнебақылау камералары орнатылған және “SOS” дабыл түймелерімен жабдықталған. Олардың барлығы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Тәртіпті бейнебақылау инспекторы қадағалайды. Бұл шараларды полиция мен білім беру саласы ең алдымен мектеп қабырғасында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылдайды. Сондай-ақ жалпы білім беретін мекемелер бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтылған. Нәтижесінде өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың төмендеу үрдісі байқалды. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Бүгінде жедел басқару орталығының қызметі тікелей байланысты болып отырған интернет жылдамдығы мен жақсы жұмыс нәтижесін талап ететін күзет агенттігі мамандарының кәсібилігі өзекті мәселе болып табылады. Өйткені, мектептер олармен тікелей келісім шарт жасайды, – деп түйіндеді Қайрат Дәлбеков.

Ғани Бейсембаев қала әкімдігінің өкілдерінен полицияға және білім басқармасына ақпараттық-коммуникациялық желілердің сапасын жақсартуға көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, министр бейнекамераларды орнату кезінде олардың сапасына назар аудару қажет екенін және мемлекеттік бюджетті үнемдеу мақсатында мектептердегі оқушылардың санын саралап, ескеру қажет екенін атап өтті.

Шымкент балалар үшін қауіпсіз қала болуы тиіс”, – деді Ғани Бейсембаев

Одан кейін министр іс жүзінде “SOS” түймесінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен тексерді. Ол 4000-нан астам оқушы оқитын №1 мектеппен байланысқа шықты. Соңында оқу-ағарту министрі ПД бастығы Қайрат Далбековке және департаменттің жеке құрамына белсенді жұмысы үшін алғысын білдіріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде полиция мен білім беру басқармасының тығыз ынтымақтастығына сенім білдірді.