ШЫМКЕНТ: Биыл Қаратау ауданы 100% электр жарығы және ауызсумен қамтылады

0
479

Қаратау ауданындағы халық саны бүгінде 213 мыңнан асады.


ШЫМКЕНТ: Биыл Қаратау ауданы 100% электр жарығы және ауызсумен қамтылады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиын барысында ауданның инфрақұрылым жайы, 2025 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері қозғалды.
Қаратау ауданындағы халық саны бүгінде 213 мыңнан асады. 18 елдімекенде 494 көпқабатты тұрғын үй, 29 762 жеке секторлы үй, 595 көше бар. Аудан халқы ауызсумен 98 пайызға, электр жарығы 98 пайыз, табиғи газ 96 пайызға қамтылған.
Сайрам елдімекені және Қызылсу тұрғын алабы ауызсуды кестемен тұтынатындықтан, биыл бұл мәселе шешімін табатын болады. Яғни, 2023 жылға аудан халқын ауызсумен 100 пайызға қамту жоспарланған. Ал, Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағын ауыз сумен қамту жұмыстары да биыл жүргізіледі.
Сондай-ақ, ауданды 100 пайыз электр қуатымен қамту жұмыстары да биылға жоспарлануда. Мәселен, былтыр Тұран, Қайнарбұлақ, Достық, Асар-2, Нұртас шағын аудандарына тоқ көзі жеткізілсе, биыл Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағындағы 1200 абонент электр жарығына жалғанады. Бұл Қаратау ауданы толық электр жүйесімен қамтылады деген сөз.
Табиғи газ құбырына келсек, биыл 15 мыңнан аса тұрғыны бар Тассай елдімекенімен бірге Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағы табиғи отынға қол жеткізеді.
Жалпы аудан халқын толық 100 пайыз газбен қамту 2025 жылға межеленген. Жоспарға сай, Шапырашты, Таскен, Өтеміс, Қызылсу елдімекендеріне газ тартылатын болады. Ал 2025 жылы Достық тұрғын алабы, Мәртөбе, Мирас елдкімекендерін қамту басты назарда.

Cонымен қатар, Тұран, Тассай, Мирас шағынаудандарына кәріз жүйелері жүргізіледі. Жыл соңына дейін осы бағытта 4 жобаның құрылысы аяқталып, Тұран, Тассай, Мирас елдімекендеріне кәріз жүйелері тартылады. Нәтижесінде 40 мыңнан аса абонент канализацияға қосылуға мүмкіндік алады.

Қазір ауданның кәріз желілерімен қамту көрсеткіші 57,9 жетіп отыр. Жоспар бойынша 2025 жылы елдімекендердің 65 пайызын орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосу жоспарлануда.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і, 713,5 мың абонент кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазір қалада 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен қала аумағында 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.