ШЫМКЕНТ: Биыл жастарға арналған жеңілдетілген несиеге 1,3 млрд теңге бөлінді

0
2 035

Биыл Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа микрокредит беру жоспарланып отыр.


ШЫМКЕНТ: Биыл жастарға арналған жеңілдетілген несиеге 1,3 млрд теңге бөлінді

Шымкентте биыл 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл игілікті істер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.

Миллионды қала тұрғындарының 23 пайызын жастар құрайды. Осы орайда, мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай жеңілдіктер жастардың кәсіпкерлігін дамытуға зор ықпал болғалы тұр. Биыл Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа микрокредит беру жоспарланып, бұл бағытқа 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр.
Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Жастардың кәсібін қолдау бағытында жеңілдікпен қалада 2024 жылы 273 адам жас қамтылып, оған 1 млрд 365 миллион теңге, 2025 жылы 282 жас қамтылып, 1 миллиард 410 миллион теңге бөлінеді деп жоспарлануда.
Несие алудың шарттары төмендегідей:
- микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін;
- микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;
- номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
- Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес, сенім білдірілген өкілге микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылға дейінгі кәсіпкерлер;
- Кепілдік қою талап етіледі.
Сондай-ақ, несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Алайда осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс. Кредит нақты бір салаға арналмаған. Кез-келген кәсіп ашқан жас кәсіпкер, оны жүргізуге көмек ретінде несиеге конкурсқа қатысса болады.