ШЫМКЕНТ: Бозарықтағы 49 көпқабатты тұрғын үйге инженерлік желілер тартылып жатыр

0
317

Жыл соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.


ШЫМКЕНТ: Бозарықтағы 49 көпқабатты тұрғын үйге инженерлік желілер тартылып жатыр

Шымкент қаласындағы Бозарық шағынауданында салынып жатқан 49 көпқабатты тұрғын үйге инженерлік желілер тартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалада қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Бозарық шағын ауданында 54 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистің ауқымды құрылыс алаңына айналған аумақтағы жұмыстарды тексерді.
Бүгінде мердігерлер мұндағы 49 тұрғын үйдің, 9 нысанның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын атқаруда. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, жұмыстарды талаптарға сай орындап, нысандарды мерзімінде қолданысқа беру бойынша тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, Ақжайық шағын ауданындағы 26 тұрғын үйдің құрылысы жоспар бойынша жыл соңына дейін басталатын болады. Жалпы жыл қорытындысымен 3040 пәтерлі 67 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады.

Еске салсақ, биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге, ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға қолдынысқа беру көзделген.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ.

Сонымен қатар биыл Отбасы банк арқылы несиелік негізде 1732 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде "5-20-25" бағдарламасы бойынша 609 пәтер, "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша -293 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы - 71.